Атырау, 23 қараша 12:26
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жол азабы

562 просмотра

Махамбет ауданы Талдыкөл ауылының тұрғындары ауылға дейінгі кірме жолдың азабын бірнеше жылдан бері тартып келеді. Өткен жылы басталған жөндеу жұмысы да көңіл көншітерліктей емес. 6,2 км кірме жолдың өзі ауыл тұрғындарының ығырын шығарып, шаршатып отыр. Талдыкөлдіктер әкімдіктің уәдесіне тойғанын айтып, наразылық танытқан болатын.

Талдыкөл ауылында 1230 адам тұрады. Ауыл аудан орталығынан гөрі Атырау қаласына жақын болғандықтан тұрғындардың басым көпшілігі сонда жұмыс жасайды. Кәсіпкерлер де жоғын қаладан тасиды.

- Жаңбыр жауса күй кетеді, тас-талқаны шыққан жолда жүру мүмкін емес. Көліктер балшыққа батып, бірін-бірі сүйрелеп жүргені. Біздің ауылға «жедел жәрдем» көлігі де әзер қатынайды. Таксистер келуден қашады. Шұрқ-тесік жол ығырымызды шығарып тұр, - дейді талдыкөлдік тұрғындар.

Өткен жылы кірме жолдың жөндеуі басталған екен. Бұл жұмысқа 1 млрд 984 млн теңге қаралған. Тапсырысшы аудандық ТҮКШ мен мердігер «АБС Лимитед» ЖШС-мен арадағы келісім шарт бойынша жол жөндеу жұмысы өткен жылы басталып, биыл аяқталуы керек еді. Жол бұрын дұрыс салынбаған боп шықты. Бұл жөндеушілердің жұмысын күрделендіріп, сметалық жобадан ауытқушылық болғанын аудандық әкімдік жасырмайды.  

- Былтыр жолдың жартысы жасалып қойылған еді. Бірақ су тасқыны кезінде жолды су басып, бар жұмыс зая кетті.  Енді оны қайта жасау керек. Негізі жолдың көп бөлігін су басқандықтан қатынас қиындағаны рас, бірақ үзілген жоқ. Оның үстіне жолдың екі қапталындағы су сіңіп, жоғала қоймай тұр. Оның бәрі жұмысқа кедергі болуда, - дейді Махамбет ауданы әкімі Қайрат НҰРЛЫБАЕВ. - Бөлінген қаржы жетпейтін болды, себебі көпір, тұрбалар салу керек, сол себептен  қайта өзгеріс енгізілуге кетті. Бірақ соған қарамай ЖШС технкаларын алып келіп, жұмысты қайтадан бастамақшы. Оған дейін ауыл қатынасын үзбеу үшін қосымша жол салу үшін асфальт қалдықтары мен шебін төселіп жатыр.

- Биыл мердігер өз жұмысын аяқтай ма?

- Айту қиын, себебі былтыр жасалған жолдар су тасқынынан бүлінгендіктен қайтадан жасалады. Қайткенде де қатынасты үзбеу шаралары ойластырылуда.      

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

19 тамыз, 15:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.