Атырау, 20 қыркүйек 15:43
 ашықВ Атырау +14
$ 478.93
€ 534.96
₽ 5.16

Аса қауіпті 4 қылмыстық топ өкілдері құрықталды

260 просмотра
видеодан скриншот

Шымкент қаласында, Қарағанды және Қызылорда облыстарында аса қауіпті төрт қылмыстық топ өкілдерінің қызметі тоқтатылды. Бұл ІІМ мен ҰҚК бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ хабарлауынша, ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басшылық ету және қатысу фактілері бойынша биыл 36 қылмыстық іс тіркелді. Оларды қаржыландыру және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактілері тергеліп жатыр. Қылмыстық кодекстің әр түрлі бабы бойынша 150-ден астам криминалитет өкілдері жауапқа тартылды.

«Таяу шет елдердің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, шетелдік қылмыстық элементтерге тосқауыл қойылды. Олардың біздің елге ену әрекеттері дер кезінде тоқтатылды. Қазақстан аумағында олардың қатысуымен қылмыстық қақтығыстарға жол берілмеді. ҰҚК-мен бірлесіп, Шымкент қаласында, Қарағанды және Қызылорда облыстарында аса қауіпті төрт қылмыстық топ өкілдерінің қызметі тоқтатылды», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Сонымен қатар, мемлекетке 11 млрд теңгеден астам залал келтірген құқық бұзушылықтар анықталды. 12,5 мың литр және шамамен 2 млн бума акцизсіз өнімдер, 5 тоннадан астам балық және 5 мыңнан астам ақбөкен дериваттары тәркіленді.

Құрамында алтыны бар материалдарды қайта өңдеу бойынша 19 заңсыз цех жойылып, ондаған тоннадан астам кен табылды.

«Негізгі бағыт қала құраушы кәсіпорындар мен тау-кен байыту комбинаттарының мүлкін ұрлаумен байланысты топтардың қылмыстық әрекетінің жолын кесу болып қала береді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, компаниялардың жұмыскерлерімен сөз байласып, кәсіпорындардың, оның ішінде Qarmet, Қазақмыс, Қазақалтын алтындарын, металл сынықтарын және басқа да өнімдерін ұрлау бойынша заңсыз схемаларын жасаған бірнеше қылмыстық топтарды ұстау жүргізілді. Қылмыстық істердің, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басшылық ету және қатысу фактілері бойынша ондаған эпизодтар тергелуде», – деді Қуандық Алпыс.

Сондай-ақ, адам саудасының 137 фактісі, оның ішінде 9 адам ұрлау және қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру жағдайлары анықталып, жолы кесілді.

5 шілдеде Мемлекет басшысы «ҚР адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңға қол қойғанын еске саламыз. Құжат бұрын заңнамалық деңгейде құқық бұзушылық ретінде қарастырылмаған әрекеттер үшін жауапкершілікті көздейді.

9 тамыз, 10:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.