Индер ауданы әкімдігінде Индербор кентін дамытуға арналған кезекті отырыс өтті. «Ақ Жайық» тілшісі баспана салу үшін жер телімдері қайдан берілетінін анықтады.
35 МЛН ТЕҢГЕ ЖЕЛГЕ ҰШТЫ
2022 жылы Индербор кентінің оң жағалауына 35 млн теңгенің егжей-тегжей жобасы жасақталып бекітілді. Таңдалған аумақтың жері 1208 гектарды құрап, болашақта 17102 тұрғын үй құрылысы (3117 жер учаскесі) салынады деген есеп жасалған болатын. Бұл жоспарлы істі болашақта жүзеге асыру үшін алдын-ала тыңдалым өтіп, құрылыстан хабары бар маман, іскер адамдар, жалпы тұрғындар қарсылық білдіргеніне қарамастан шикі жоба қорғалып кетті. Мамандардың шырылдауының жөні бар еді, өйткені болашақ кенттің бір бөлігі болады деген аймақ Жайықтың сол жағалауы Аққала ауылы жағы 1993-1994 жылдары су тасқынының астында қалған болатын. Отыз жылдан кейін, яғни биыл Жайық өзені арнасынан аса тасып, тағы да бұл аймақты су басты. Енді бұл жерде кентті дамыту мүмкін бе деген сұрақ туындап, ақыры қызу талқылауға түсті.
Осыған орай облыстағы сәулетшілер де келіп, қарап шыққан. Негізі егжей-тегжейлі жасалған жобада су басқан аймақты қорғау үшін 26 шақырым бөгет соғу қарастырылған. Бұл бөгеттің өзіне миллиардтаған қаржы қажет екені даусыз.
- Ол бөгет қорған бола ма? Биылғы келген судан еселеніп келсе, бөгесін бола алмайды-ау. Сол себептен бұл жоба сәтсіз жобаның бірі болды. Көре, біле тұра халықты ол жерге шоғырландыру мүмкін емес, сол себептен кенттің өсу бағытын ақылдасып, ойланып шешкен дұрыс, асығыстыққа бармайық, - деді қатысушылар бірауыздан.
- Біз бұдан бұрын бұл аймақты қарап шықтық. Өздеріңіз білесіздер, бас жоспарда көрсетілген кенттің өсу бағыты таңдалған Аққала ауылы маңы (7 км тұсы да бар) тасқын су астында қалды. Елтай мен Аққала ауылы арасындағы аумақты судан қорғау үшін бірнеше шақырым бөгет салу үшін көп қаржы керек. Мұның сыртында инфрақұрылымдар бар, оған да миллиардтаған қаржы қажет. Бұл тиімді ме? Меніңше, маман ретінде кенттің бас жоспарын басқа бағыттан қараған жөн, - дейді «АТС ГРАД» ЖШС бас сәулетшісі Қасиет ТАШИМБЕТОВ.
Сонымен жасақталған 35 млн теңгенің егжей-тегжейлі жобасы желге ұшты. Бірақ кезінде сол жобаны қорғауға мұрындық болған мамандар, әкімдер жауапкершіліктен сырт қалды. Тағы да бюджет қаржысы құмға сіңген судай болып кетті.
Жиынға қатысушылар кентті дамыту мен жер учаскелері қайдан беріледі дегенге бас қатыра бастады. Айта кету керек, Аққала ауылынан 902 адамға жер учаскесі беріледі деген жоба өз күшінде қалды. Бұл жерге инфрақұрылым тартылып, келесі жылдан бастап баспана салу үшін тұрғындарға жер беріле бастайды. Бұдан бөлек 2003-2004 жылдан бері 4994 адам баспана салуға жер учаскелеріне арыз берген. Бұл дегенің екінші Индер кенті (қазір кентте 14000 халық бар) халқына тең дегенді білдіреді. Осыншама адамға жер енді қайдан беріледі? Аққала ауылы маңына қарай бағытталған жоба іске аспайтын болды.
- Мен қарап шықтым, кенттің бас жоспарын газопровод болмаса, темір жол бағытын таңдауды ұсынамын. Мәселен, кенттің қазіргі көлемі 5 мың гектарды қамтыса, дәл сол жерлерден осынша жер көлемі табылады, - деді сәулетші Қ.Ташимбетов.
Атырау облыстық құрылыс және қала құрылысы басқарма басшысының орынбасары Гүлбаршын АРЫСТАНОВА көпшіліктің пікірін қолдады.
- Бізде «Алғабас-Жорық» каналы маңы бар, соның сол жағын пайдалануға мүмкіндік бар. Ол жер қайда қарайтынын білмейміз. Соны неге қарамасқа, - деді көпшілік.
Зейнеткер Серікқали ЖҰҚИЕВ кент халқы мал өсіретінін ескеру керек, ол үшін жайылысты да ұмытпауымыз қажет деді. Талқылай келе, кенттің өсу бағыты 17 км жердегі Бөдене ауылы жағы таңдалды.
- Енді кенттің өсу бағыты Аққала ауылы маңы болып, Жайыққа дейін жетеді деген жоба толық іске аспауы мүмкін, ол жақты қою керек пе. Мүмкін Аққала ауылынан су баспаған жерден 150 адамға жер участогы берілер, бұл да әлі талқыланады. Кент халқы көбейіп жатыр, жалпы болашақта Бөдене ауылына дейін өсуі мүмкін 20-30 жылда. Бөденеге дейінгі «АтырауИндер» трассасының екі жағына қаз қатар орналасса деген ұсыныс бар. Сол жақ деп айқындайық Ендігі жұмысымыз, мамандармен бірлесе отырып, Бөдене ауылына дейінгі аймақты біртіндеп жер участогын беріп қамту болмақ, - деді аудан әкімі Дарын ШАМҰРАТОВ жиынды қорытындылай келе.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор