«Ақ Жайық» редакциясының сауалына қала әкімінің орынбасары Тілек МАХУОВ жауап берді.
«Атырау өңірінде қалың қар еріп, су басу қаупі туындағаннан кейін облыс және қала аумағында табиғи апат, көктемгі су тасқыны қаупі туралы ескертуге байланысты Атырау облысының әкімі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады», - деп жазады Т.Махуов. – Тасқын судың және Соколок каналының тасыған суының салдарынан ауылшаруашылық жерлері бүлінді. Қазіргі уақытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 17 мамырдағы №167 бұйрығына сәйкес ауыл шаруашылығы (мал және өсімдік шаруашылығы) саласындағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу қағидалары бекітілді. Ауыл шаруашылығында су тасқынынан келген шығынды өтеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, төтенше жағдай режимін алып тастау мүмкін емес».
Каналдар не болады?
Соңғы кездері азайып жатқан Жайық өзенінің мол ағынын жеңілдету мақсатында кеңейтілген Соколок және Сарыөзек каналдарының алдағы тағдырын да сұрап көрдік.
– 2024 жылдың көктемінде Атырау облысында су далаға жайылып, теңізге құйылғаны белгілі. Енді Жайықтың өзі таязданып, Жайықтағы қажетті су деңгейі дала мен теңізге кете бере ме?
- Суды есепке алу бойынша цифрлық деректер үнемі жаңартылып отырады, - дейді Т.Махуов. - Су деңгейінің көтерілу қарқынын төмендету үшін су көрсеткіштеріне тұрақты бақылау жүргізіледі, сондай-ақ су далаға кетпес үшін Соколок каналын тазарту және тереңдету, техникалық бақылау және қосалқы жұмыстар жүргізіледі.
«Соколок каналы – Жайық өзенінің Атырау қаласына қарай ағынын азайтуға арналған негізгі арналардың бірі. Су тасқынының шарықтау кезеңінде канал өзінің тиімділігін көрсетті. Дегенмен, өзен деңгейі әлі де сыни деңгейден жоғары екенін айта кеткен жөн. Соңғы ғарыштан түсірілген суреттерге сүйенсек, канал суды Каспий теңізіне ағызуды жалғастыруда. Жағдай тұрақталғаннан кейін каналды жабу туралы шешім қабылданады», - деп нақтылады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Hydropost.kz қосымшасының мәліметінше, 22 шілдедегі ахуал бойынша Атыраудағы Жайық өзенінің су деңгейі - 557 см (ал қалыпты деңгей 550 см).
Бөгеттер не болады
Су тасқыны маусымына дайындық аясында Атырау облысында 520 шақырымнан астам бөгет салынғаны белгілі. Өңір әкімшілігі көктемгі су тасқыны дүрбелеңі қайталанбас үшін бөгеттердің біразын қалдырған дұрыс деп шешті.
«Су тасқыны циклді сипатта болатынын ескерсек (олар 1993 жылы байқалып, кейін 1994 жылы қайталанды), бұл бөгеттер болашақта су тасқынынан болатын жағдайлардан тиімді қорғаныс қызметін атқарады», - деп хабарлады облыс әкімдігі.
Қазір Атырау облысының әкімдігінде салынған бөгеттерді теңгеріміне беретін мекемені құру мәселесі қаралып жатыр екен. Бұл мекеме қорғаныс құрылымдарын күтіп ұстауға және одан әрі пайдалануға жауапты болады.
Гуманитарлық көмек қалай бөлінді?
Атырау облысына гуманитарлық көмек ретінде 41,5 млрд теңге бөлінді. Қаражатқа бірінші кезекте жалпы сомасы 17,2 млн теңгеге су тасқынына дайындық жұмыстарын жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар алынды. Қаражаттың негізгі бөлігі Жылыой ауданы Құлсары қаласының зардап шеккен тұрғындарына келтірілген шығынды өтеуге бағытталды. Аталған қаражаттың жұмсалуы Атырау облысының прокуратурасы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің бақылауында болды.
«Су тасқыны кезінде гуманитарлық көмек тарату орталығына 1700 тоннадан астам гуманитарлық жүк келді. Бұл жүк түскен өтініштерге сәйкес Жылыой, Индер және Махамбет аудандарына, сондай-ақ Атырау қаласына таратылды».
Естеріңізде ме, Боржоми (Грузия) қаласының муниципалитеті Атырауға аттас қала аты жазылған 3 мың бөтелке минералды су түрінде гуманитарлық көмек жіберген еді. Тұрғындар былтыр қыркүйек айынан бері бауырлас қала атанған Боржомидің бұл әрекетін жүрекке жылы қабылдаған болатын. Сөйтсек, минералды судың бәрін су тасқыны кезінде ауыз суға мұқтаж болған Махамбет ауданының және Атырау қаласының шаруа қожалықтарының ішкені белгілі болды.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА