Атырау, 23 қараша 21:58
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті

Сурет Бейнежазба
1 409 просмотра

17 шілдеде Сәфи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ институты базасындағы Нұрлан Балғымбаев атындағы даму және коммуникациялар орталығының залында Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті.

Жиынға 100-ден астам адам қатысты. Бүкіл елде қызу пікірталас тудырған АЭС құрылысы туралы пікірталас акустикасы өте нашар залда өтті: баяндамашылардың сөзі жаңғырып, анық естілмеді. Мұны жиналғандардың бәрі байқап, әлсін әлі «Ештеңе естілмейді!» деп  айқайлағандар болды.

Соған қарамастан адамдар АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған пікірлерін білдіруге тырысты. Модератор регламент туралы қайталап айта берді. Көбінесе құрылысқа қарсылық білдіріп, қызу пікір білдіргендер ескерту алды. Жиын соңына қарай АЭС салуды қолдағандар микрофонға кезекке тұрды.

Жиынға қатысқандар арасында жергілікті тұрғындар мен қоғам белсенділері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, экологтар мен энергетиктер, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен жергілікті университет пен колледждер оқытушылары да болды. АЭС салуға қарсылар оның адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зияны мен қауіп-қатері туралы айтса, қолдағандар болашақта энергия өндірісі үшін аса қажет екенін алға тартты. Экобелсенділер тарапынан АЭС іске қосылғанда қанша су көлемі пайдаланылатыны, ядролық қалдықтардың қайда сақталатыны және басқа да сауалдар толғандырды. Атом саласының салалық сарапшылары әлемдегі АЭС-тертуралы және Қазақстандағы АЭС құрылысына дайындық жайында баяндамаларын оқып, АЭС құрылысы жүрген жағдайда заманауи, қауіпсіз реакторлық технологиялар қолданылатынына тоқталды.

Жария талқылауға сарапшылар ретінде «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мен Ядролық физика институтының басшылары мен жетекші мамандары шақырылған. Баяндамашылардың бірі сөзін аяқтай келе қатысушылардың сұрақтарына жауап беруге дайын екенін айтқан соң бір ер адам сұрақ қою үшін ортадағы микрофонға қарай жақындады. Ол кейін өзін Қалыбек ТАҢНАТАРМЫН деп таныстырған еді. Бірақ оған жиын модераторы – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат ӨТЕШОВ «Отыр!» деп жекіп сөйлеп, жиынға кедергі келтірмеу туралы айтып, бірнеше рет бұйырды. Залда отырған қатысушылар оған ескерту жасап, «қазір сұрағын ұмытып қалады ғой!» деп, зейнет жасындағы сұрақ қоюшыға болысты. Ал Қ.Таңатар «бұл кедергі келтіру емес, халықтың сұрағы. Маған тыйым салма, отыр-тұр деп! Отырмаймын мен!» деп кейіді модераторға. Осы сәтте сұрақ қоюшыларға арналған ортадағы микрофонның істемей тұрғаны байқалды. Зейнеткер ақыры сұрағын қойып, АЭС құрылысына қарсы екенін айтып, Ресей Қазақстанда АЭС салу туралы айтқалы бірнеше айдан бері осындай жиындарда халықты АЭС жұмысы қауіпсіз екеніне көндіруді көздеп жүргенін сынады.

Энергетика министрлігінің өкілі Гүлмира МУРСАЛОВА қатысушыларға қайрылып, баяндамашылардың бәрін тыңдап болып, сұрақтарға жауап беруге көшуді ұсынды. Мурсалова сұрақтарға жауап беруге кешке дейін уақыт бар екенін айтты.

АЭС салуға қарсылығын білдіргендердің бірі - экобелсенді Шынар ІЗТЕЛЕУОВА энергетика министрлігін халықты алдамауға шақырып, қазіргі уақытта ядролық технологиялардың ең қауіпті екенін айтты. «Сіздер АЭС-тің тек артықшылықтарын көрсетіп, экологиялық зардаптары туралы айтпадыңыздар» деді Ізтелеуова.

- Біріншіден, атом энергетикасы дамуы үшін таза судың көп мөлшері қажет. Ал Қазақстандағы барлық өзендер шекарадан өтіп келеді - Ресейден, Қытайдан. Былтыр Қырғызстан су бермеген соң Таразда егіндері қурап қалды.

Екіншіден, қалдықтарды сақтау орны туралы. Атом энергетикасын жақсы білетіндер ядролық қалдықтардың мыңдаған жылдар бойы ыдырайды. Ядролық қалдықтар сақталатын үлкен жеркөлемі болады. Мен мысал келтіріп өткім келеді. Біздің елдегі сыбайлас жемқорлық жайлаған тұста құрылыстың қалай жүретінін білеміз. Мәселен, біздің зауыттарға қатысты қарапайым мысал, - дей бергендеІзтелеуованың микрофоны істемей қалды. Ізтелеуова сөзін модераторлардың жанындағы микрофонға барып,сарапшыларға өзінің сөзін бөлмеу және күлмеу туралы ескерту жасап, сөзін әрі жалғады. 

- ...Сіздер Ресей, Қытай технологиясын ұсынып отырсыздар. Осында отырғандардың бәрі бізде KPI зауытының қалай жұмыс істейтінін біледі. Әлі күнге дейін оны іске қоса алмай отыр, себебі онда Ресей, Қытай технологиялары. Немесе NCOC зауыттары бізге ауаны уламаймыз деп уәде береді, ал күкіртсутегімен кім улап жатыр? КУС(Karabatan Utility Solutions» ЖШС) бізді электр энергиясымен қамтамасыз етеді деп уәде етті. Әлі күнге дейін жұмыс істемейді, электр энергиялары жұмыс істемейді. Қалада он күннен бері жағымсыз иіс шығады. КОС-ты үш жылдан бері салып бітіре алмай отыр. Біздің жолдар туралы айтпай-ақ қояйын, жемқорлық бар кезде ядролық қалдықтарды сақтау орны дұрыстап салынбайды деп есептеймін, - деген Ізтелеуова қалдықтардың суға ағылмайтынына да кім кепіл деген күмәні барын жеткізді.

Оның сөзінше, АҚШ-та жасалған зерттеудің АЭС жанында тұратын балаларда ақ қан және қатерлі ісік ауруына шалдыққандар саны артқанын көрсеткен. Кейін ол Фукусима апатын жою салдарымен күресіп келе жатқанын сөз етіп, олардың ядролық қалдықтарды мұхитқа тастап отырғанын айтып, «Ал Қазақстан қайда тастайды?» деп сауал тастады. Ол АЭС жұмысына пайдаланатын су көлемін білгісі келді. «Қазақстан қоғамы, жалпы әлемдік қоғамдастық АЭС-ке қарсы. Еуропада АЭС-тер жабылып жатыр. Ал Қазақстан қазір салғысы келеді. Бұл – жасыл энергетика емес» деп сөзін түйіндеді экобелсенді.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур ЖАНТИКИН өндірілген ядролық отынды қалдықтар боп саналмайтынын айтып, қазір екі кезеңдік отындық циклдың (пайдаланылған ядролық отынды өндіру, өңдеу және кәдеге жарату жөніндегі іс-шаралар кешені-авт.) қолға алынғанын айтты.

Одан соң модератор Мұрат Өтешов аудандардан келген сауалдарға кезек беруді ұсынды. Осы кезде елге танымал атыраулық белсенді Макс БОҚАЙ сұрақтары барын айтып, ортаға шықты.

Макс алдымен АЭС салу бойынша әлемдегі ең мықты қай елдің технологиясы екенін білгісі келді. Бұл сұраққа Ядролық физика институты бас директоры Саябек САХИЕВ жауап берді. Ол әлемде ең мықты технология деп бөліп қарауға болмайтынын, ал ең қауіпсіз технология деп, су энергетикалық реакторын атады.

Макстың келесі сұрағы:

- Біз уран байытатын өндіріс жасай алмай алмасақ, АЭС-ты қалай саламыз? Шикі уран сатуда бірінші орындамыз. Мүмкін шикі уранды байытатын технологияларды алып келіп, содан кейін барып АЭС-ке көшерміз?

Оған энергетика министрлігі өкілі Гүлмира Мурсалова бұл сұраққа Қазақстан тек қана шикі ураннан бөлек, ядролық отын дайындайтынын айтты. Макс оған қарсы сұрақ ретінде биыл сәуірде энергетика министрі Алмасадам СӘТҚАЛИЕВТЫҢ Ресеймен Семей, Көкшетау, Өскеменде үш электр станциясын салу туралы келісімшартқа қол қойғанын және олардың жүздеген миллиард теңге тұратынын айтып, комментарий беруді сұрады.

Мурсалова бұған былай деп жауап берді:

- Атом электр станциясы бойынша шешім қабылданды. Ондай шешім қабылданғаннан кейін тек қана 10-12 жылдан кейін ғана іске қоса аламыз. Оған дейін күтіп отыратын жағдай жоқ. Бізге тұрақты энергия керек. Өкінішке қарай, бізде ресейліктерден басқа көмірмен жұмыс істейтін станцияларды ешқандай ел қаржыландырмайды. Бізде көмір жеткілікті. Қазіргі уақытта электр энергиямен қамтамасыз етуші осындай шараларды қабылдау қажет болып тұр. Себебі, көмір электр станцияларын салу кезеңі ұзақ емес атом электр станциясын салуға қарағанда.

- Қарама-қайшылықтар көп, түсініксіз нәрсе.

- Көмір электр станциялары бойынша келісімшарттар ашық па?

- Мен келісімшарттармен айналыспаймын. Шарт деген коммерциялық құпия. Бұл тасымалдаушы компанияларға байланысты болады.

- Көрдіңіз бе, коммерциялық құпия деп жұртқа ештеңе көрсетпейді. Сосын айтайын дегенім, кеше Ресейдің Ростов облысындағы АЭС-те апатты жағдай болып, миллиондаған адам электр энергиясыз қалды. Сіздер өз баяндамаларыңызда АЭС үздіксіз энергиямен қамтамасыз етеді деп, адамдарды жаңылтып отырсыздар.

Бұған ядролық физика институты бас директоры Саябек Сахиев апаттың реактордан емес, генератордан екенін айтты. Макс презентацияда «электр энергиясы үздіксіз қамтылады деп емес, анда-санда ажыратылып тұрады» деп жазып қойыңыз. Шындық керек, шындық!» деді Макс.

 Модератор Мұрат Өтешов аудан сұрақтарына көшті. Индер ауданынан келген сұрақ Шынар Ізтелеуованың сұрағын қайталады. «Пайдаланылған ядролық отын қалай сақталады? Оның сақтау жолын айтыңыз» деген сауалға энергетика министрлігі өкілі Г.Мурсалова жауап берді. Оның сөзінше, пайдаланылған отынды қайта өңдеуге болады, себебі, бүкіл отынның тек 5 пайызы ғана жанып кетеді. Қалған 95 пайызы – пайдалы элементтер.

- Әлемдегі АЭС-тер қайта өңдейміз деп отынын сақтап келеді. Францияда, Ресейде пайдаланылған отынды қайта өңдеу технологиялары бар. АЭС саламыз деген шешім қабылданған жағдайда қайта өңдеу немесе сақтау жоспары жасалады, - деді Мурсалова.

Ядролық физика институты бас директоры Саябек Сахиев жиынға қатысушыларды Ядролық физика институтына келіп, отын қалай сақталып жатқанын және реактор жұмысымен танысуға шақырды.

- Реакторда пайдаланылған отында екі энергия болады: радиация мен жылу. Жылуды алу үшін қасындағы бассейнге саламыз. Суытқан соң сақтаймыз. Осы операциялар 57 жыл бойы атқарылып келеді. Екінші мәселе – АЭС қуаты 2035 жылы 2,8 ГВт электр энергиясын бергеннің өзінде ол Қазақстанның 9,8 пайыз қажетін жабады, қалған 90 пайыздан астамы басқа көздер, соның ішінде - су, жер және күн энергиясы, - деді Сахиев.

«Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығы»» ҚБ директоры Галина ЧЕРНОВА Фукусима мен Чернобыль апаттары елдегі АЭС жұмысының қауіпсіздігіне сақтықпен қарауға алып келгенін сөз етіп, АЭС салынатын Балқаш маңындағы Үлкен ауылының жоғары сейсмикалық аймақ екенін атап, суы пайдаланылады делінген Балқаш көлінің тартылып жатқанын ескерсек, құрып кете ме деп алаңдайтынын жеткізді.

Жиын соңына қарай АЭС салуды қолдағандар микрофонға кезекке тұрды. Бұған дейін жиынды аяқтауға асыққан модератор оларға кедергі болмады. Кезекте тұрған бір-екеуін тіпті өзі микрофонға қарай шақырды. 

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

19 шілде, 17:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.