Атырау, 23 қараша 22:47
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырау облысының шаруалары ауыл шаруашылығы вице-министрінің субсидия төлеуге қатысты уәдесінен үмітті

683 просмотра

Атырау облысының фермерлері шабындықтың тапшылығынан қиындыққа тап болып жүр. Басқа өңірден пішен дайындау немесе сатып алу арқылы тығырықтан шығуда. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Бердалиннің сапары туралы жарияланғаннан кейін «АЖ» поштасына бірнеше хат келді. Жиынға қатыса алмаған шаруалар жемшөпке берілетін субсидияны кері қайтару қажеттігін еске салды.  

Бұдан бұрын да Атырау облысы фермерлері осыған қатысты сұрақты АШМ жолдаған болатын. Осыған орай вице-министр Аманғали БЕРДАЛИННЕН мынадай мәтіндегі жауап келді: «Министрлік 2022-2023 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің АӨК-дегі  субсидиялауды жетілдіру бойынша 171 ұсынымын орындау шеңберінде арнайы жұмыс тобын құрды. Бұдан басқа жұмыс тобының жүргізілген жұмысы шеңберінде жемшөпті субсидиялау бағыты бойынша бойынша бөлінетін субсидиялардың тиімсіздігі анықталды және бұл субсидиялау тетігі күтілетін нәтиже бнрмеді, фермерлерді өздерінің жемшөп базасын дамытуға ынталандырмады. Осыған байланысты жаңа Қағидаларда гидрометереологиялық қызмет растаған өңірде жемшөп дайындауға теріс әсер еткен төтенше жағдай жарияланған немесе қалыптан тыс ауа райы жағдайлары басталған кезде ғана жемшөп дайындауға арналған шығындардың құнын субсидиялау үшін жағдаларға қатысты нақтылау нормалары енгізілді. Бұл нұсқа барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және салалық ұйымдармен келісілді, сондай-ақ тиісті қорынтындылар алынды. Сонымен қатар бірқатар мемлекеттік органдар мен ҚР Парламенті депутаттарымен жемшөп тапшылығы байқалатын құрғақ өңірлер үшін жемшөпті субсидиялау бойынша осы шарттарды алып тастауды енгізу мәселесі қарастырылуда. Осыған байланысты Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстары сияқты азықтық базасы әлсіз еліміздің құрғақ өңірлерінде орналасқан сүт-тауар фермаларына жоғарыда көрсетілген нормаларды алып тастау бөлігінде өзгерістер енгізу көзделуде. Сондай-ақ бұл мәселе Қазақ мал шаруашылығы және жемшөпті өндіру ғылымизерттеу интституымен қосымша пысықталғанын хабарлаймыз». 

Шаруалар шырылы

Айта кету керек, Атырау өңірі климаты жағынан табиғи ылдалдылығы жеткіліксіз, қуаң, аңызақ, аязды желімен және жауын-шашын мөлшері мардымсыз екендігі толық дәлелденген. Жалпы жыл сайын облыс фермерлері мал азығын қалай, қайдан дайындап алып жүр?

Облыстық ауыл шарауашылығы басқармасының мәлімдеуінше 2024-2025 жылы 605000 тонна мал азығы (шөп) қажет екен. Оның 60-65 пайызын жергілікті жерден дайындау мүмкіндігі бар көрінеді, қалғаны сырттан алынады. Атырау қаласы, Исатай, Махамбет, Мақат аудандары көрші облыстан немесе аудандардан сатып алуда. Индер ауданы жетпеген шөпті көршілес Батыс Қазақстан облысы арқылы алып, қыстан шығуда.

- Өңірде табиғи климаттық жағдайына байланысты шабындық алқаптардың жеткіліксіздігінен жалпы мал азығының қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік болмай отыр. Қосымша ірі сабақты мал азығы және құрама жем көршілес Батыс Қазастан мен Ақтөбе облыстарынан тасымалданады. Бір орам шөптің орташа бағасы 6500 теңге шамасындай,-дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Амангелді САЛАМАТ.

Өткен жылы ірі сабақты шөп дайындаушыларға облыстық әкімдіктен 1млрд 700 млн теңге шамасындай субсидия бөлінген болатын. Облыста жемшөп қорын жасау үшін екпе шөп егу жүргенімен ол да мардымсыз. Биыл екпе шөп егістігінің кейбірі су тасқыны астында қалды.

- Облыстың жер қоры 11,9 млн гектарға жуық. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қоры 3,2 мың га. Өңірдегі жердің 1,6 млн гектары сор. Шамамен 782 мың гектарды су басқан. Жайылым жерлердің құнарлы немесе құнарсыздығын анықтайтын герботаникалық зерттеу жұмыстары 1984-1992 жыл аралығында жүргізіліп, әлі күнге дейін базада бұрынғы кеңшар аттарымен тұр. Сол себепті бүгінде бұл мәліметтерді пайдалану да мүмкін емес көрінеді. Соңғы мәліметтегі 3220,7 мың гектар облыс бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі. Оның ішіндегі алқап түрлері:егістік 7,0 мың гектар; көп жылдық екпе 0,3 мың гектар;тыңайтылған жер 7,3 мың гектар; шабындық 50,5 мың гектар. Жалпы климаты жағынан шөл, шөлейіт, жауын-шашын тым аз өңірге жататындықтан шабындық жер мүлдем аз. Қысы суық, жазда жаңбыр өте сирек жауады, сол себептен жайылымдық жердегі шөптің биіктігі 2-6  см шамасынан аспайды, егер жауын жақсы түссе 10-12 см дейін көтеріледі. Соңғы жылдардағы шабындық жерлердегі шөптің шығымдылығы 40, өзен-көлдердегі қамыс тектес өсімдіктер 60 пайызға дейін жойылды. Осындай жерлерден қажетті мал азығын дайындау мүмкін бе. Бізде шабындық жер жоқ. Атырау өңірін Солтүстік, Шығыс, Оңтүстік Қазақстанмен еш салыстыруға келмейді. Мәселен, оларда бір апта шапқан шөпті біз бір айда дайындаймыз, өйткені шабындық тапшы. Шөптің құнары болмағандықтан жемді көбірек сатып алуға тура келеді. Екпе шөп өсіруге құлшыныстың болмауы ол пайда емес, күлдей шығыннан тұрады. Сол себептен екпе шөп өсіруге құлшыныс болмай тұрғаны. Соңғы жылдары төрт түліктің өсімі жақсы, жергілікті адамдар мал өсіріп, сүтін, етін пайдалануда. Егер субсидияны бермейтін болса, онда мал басы күрт төмендеп, елдің әлеуметтік жағдайына кері әсер беруі мүмкін,дейді «БЕК-1» ШҚ құрылтайшысы ЖАНГЕЛДІ РАХМЕТҚАЛИЕВ.

- Біздің қыс қыстағымыз Қызылқоға ауданы Сағыз өңірінде, ол жерде шабындық өте тапшы. Мәселен, біздің шаруашылыққа 1 мың орам шөп қажет болса, соның 300-400 орамын айналадан «қырып» алғандай дайындаймын, қалған бөлігін 70-80 шақырым жердегі Тайсойғанға барып сатып аламын. Бірақ ол шөп те жеткіліксіз, жылына он бес шақты сиыр сатып жем аламын. Ауыл шаруашылығы вице министрімен кездескенде сыбайлас жемқорлыққа байланысты Қағиданың өзгерісін айтады. Ауыл шаруашылығында не жемқорлық, фермерде үкіметті тонайтындай жағдай бар ма еді, жекеменшік өз қамын өздері жасап отырған шаруа адамдары емес пе. Соңғы жылдары Ауыл шаруашылығы Министрлігі қағидаларды бірнеше рет өзгертті. Субсидия берілгелі жеке адамдардың мал өсіруге деген құлшынысы артты. Сол себептен еститін үкімет болса осы проблемамызды жеткізгіміз келеді,-дейді «Әнет» шаруа қожалығының төрағасы Жәнібек АРАЛБАЕВ.

-11 шілде күні кездесуге келген ауыл шаруашылығы вице-минстрі А. Бердалинмен кездескенде Қағиданы өзгертіп, субсидия беру жөнінде талабымызды орындауға он күн мұрсат бердік. Егер өзгеріс болмаса 23 шілде күні сағат 11-де облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВТЕН талап етпекпіз,-дейді «Ақиқат» ҚБ төрағасы Ғазиз ҒАБДУЛЛИН. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

16 шілде, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.