Атырау, 23 қараша 23:21
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Кәсіпкерлер күтпеген жерден блогерлермен бірге келген полицейлердің қызметін түсінбеді

Сурет
812 просмотра

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында көлік-логистика саласындағы әкімшілік кедергілер мәселесі қаралды.

Палатаның баспасөз қызметі хабарлағандай, отырысқа Атырау көлік прокуратурасының, «Ақ Жайық» кеден басқармасы орталығының, көліктік бақылау инспекциясының өкілдері, Атырау көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бөлімшесінің қызметкерлері, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қалалық аумақтық инспекциясының өкілдері, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Көлік және логистика салалық комитетінің мүшелері қатысты.

Кәсіпкерлердің шағымдарына көшпес бұрын Атырау көлік прокурорының м.а. Жарболат ҚУАНЫШ «Инвесторларды қорғаудың прокурорлық сүзгісі» жобасы туралы айтты. Оның айтуынша, ҚР Бас Прокурорының 2024 жылғы 14 ақпандағы бұйрығына сәйкес осы жобаны жүзеге асыру бойынша әдістемелік ұсынымдар бекітілген. Әдістемелік ұсынымдар прокурордың инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау сүзгісін жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ прокуратура органдарының лауазымды тұлғалары арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершілік аймақтарын шектеуді айқындайды, делінген палатаның баспасөз қызметінің хабарламасында.

– «Инвесторларды қорғаудың прокурорлық сүзгісі» жобасының негізгі мақсаты – инвесторларды тарту және олардың заңды құқықтарын қорғау. Оны Бас прокуратура мемлекеттік органдардың инвесторларға қатысты барлық шешімдері мен шектеу шаралары бойынша енгізген. Мемлекеттік органдардың барлық тексеру жұмыстары мен талаптары енді прокуратураның бақылауында болады, - деп атап өтті Ж.Қуаныш кәсіпкерлерге.

Әрі қарай «Akzhayik Avtopark» ЖШС қаржы директоры Нұрлан Шпанов сөз сөйледі.

Біріншіден, жексенбі күні кәсіпорынның жеке аумағына келіп, техниканы тексерген блогерлер мен оларға еріп жүрген полицейлердің әрекеті қаншалықты заңды екенін білгім келеді. Жақында осы жағдай бізде болды. Екіншіден, біздің бір жүргізушінің 8 мың теңге көлемінде айыппұлы болғаны үшін салық органдары 400-ден астам адам жұмыс істейтін кәсіпорынның есепшотын бұғаттап тастады. Алайда, хабарлама болған жоқ. Олардың бұлай жасауы қаншалықты заңды? – деп сұрады Шпанов.

Ал «Алаша-Атырау» балық аулау кәсіпорнының басшысы Сырлыбай ҚОЖАМҰРАТ балық өнімдерін экспорттауға байланысты мәселелерге шағымданды.

– Менің кәсіпорным бірқатар талаптарға сай келмегендіктен Кеден одағының экспорттаушылар тізіліміне енгізілмеді. Енді балықты Кеден одағына кірмейтін Әзірбайжанға экспортқа жібергім келеді, бірақ жергілікті ветеринариялық инспекция маған рұқсат бермей отыр. Мен комитетке өтініш жаздым, 8 ай өтті – жауап жоқ. Сондай-ақ маған Ресейден Әзірбайжанға балықты қайта экспорттауға рұқсат бермеді. Комитетке тағы өтініш жаздым, жауап болмады, – дейді Қожамұрат.

Отырыс нәтижесінде кәсіпкерлерге мемлекеттік органдардың қызметкерлері тарапынан заңсыз әрекеттер орын алған жағдайда бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында қадағалау органдары жанынан құрылған call-орталықтарға хабарласу ұсынылды.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

ӨКП ұсынған суреттер

15 шілде, 12:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.