Атырау, 24 қараша 01:28
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Натуралист Юля: «Сіздерге сұлулықты паш етемін»

Сурет
1 233 просмотра

Атырау тұрғыны Юлия ВАХМИСТРОВА - жабайы табиғатты суретке түсіруші. Ол ешкімге ұқсамайтын туған жердің сұлулығын байқай біледі. Фотоаппаратымен бүкіл Атырау өңірін аралаған. «Ақ Жайық» редакциясына әкелген құстар мен аңдардың бірегей суреттері National Geographic телеарнасының қызығушылығын тудыратындай. Оның мұрағатында сайын даламызда көзге көрінбейтін қайнаған тіршілікке толы жүздеген фотосуреттер бар. Оқырмандарымызды осы суреттердің кейбірімен таныстырғымыз келеді.

Юлия аққұйрық субүркітті Талғайран ауылына жақын Жайық жағасына барған сапарлардың бірінде кездестірген. Бұл жұп жартылай қураған талдың басына ұя салып жатқан кезде камераға түсіп қалыпты. 

Айтпақшы, субүркіттер балапандарын жыртқыштардан қорғайды, тамақтандырады және өздері білетін барлық нәрсені үйретеді. Жұмыртқадан жарып шыққаннан кейін аналық пен аталық балапандарын балықпен қоректендіреді. Демек, субүркіттер де мықты балықшылар.

Ал Атырау облысында мекендейтін Қызыл кітапқа енген сусар тұқымдас бұл жануар шұбар күзен деп аталады. Анасы мен баласы облыстың оңтүстігінде аң аулау кезінде Юлияның камерасына түсіп қалған. Шұбар күзен кішкентай кеміргіштермен қоректенеді.

Фотограф айтқандай, Атыраудағы Жилгородок - бұл барлық тіршілік иелерінің, әсіресе құстардың ортасы. Сары шақшақай деп аталатын бұл сұлу жаяу көпірдің жанында суретке түсіп қалған. Ол жыңғыл бұтасына отырып, шырылдап сайрауға көшкен. Айтпақшы, сары шақшақай - облысымызда кездесетін шақшақайдың төрт түрінің бірі. Олар өзен жағасындағы бұталарда, жазда Ретро саябақтың маңында мекендейді. Қыста олар жылы жаққа ұшып кетеді.

Ал мына жыртқышты кез келген адам тани алады. Бұл құлақты жапалақ. «Оларды шусыз ұшатындықтан өте сирек көруге болады», - дейді қыз. - Балапандарын өсіру кезінде ғана жапалақтар көзге түседі. Өйткені балапандар қатты шиқылдап, көбіне күндіз ұйықтамайды. Суретте құлақты жапалақтың үш балапаны бейнеленген. Олардың ұясын кешке Перетаска өзенінің жағасында кездестіріпті. Үш балапан үрікпей, өздерін бақылап тұрған жанға қызыға қарап қалған».

Бұл құстарды бәрі біледі. Жаңа жылдық құстар – суықторғайлар Атырауға жиі келе бермейді. Бірақ кейде қыста әлдебір себептермен осында ұшып келеді. Суықторғай Кузнецов алаңының жанындағы Жилгород саябағында камераға түсіп қалған. Құстар шаған ағашына қонақтап, шаған тұқымдарын шағып отыр екен.

Күйкентай – үнемі қасымызда жүретін, қыста ұшып кетпейтін сұңқар. Бұл аталық Француз кварталындағы балконда отырған. «Бұл жер оның бақылау бекеті болса керек. Сол жерде отырып, төменге қарап, олжасын іздейді», - дейді Юлия.

Құмтышқандар Махамбет ауданында түсірілген. Кеміргіштер әдеттегідей алысқа қарап тұр. «Жыртқыш құстың дауысын естіген бойда асқан шапшаңдықпен шұңқырларға жасырынып қалды", - дейді Юлия.

Ал мына суретте қара кезқұйрық Алмалы ауылының іргесіндегі үйеңкі тоғайында қарғаны қорек қылып отыр. «Табиғат әлеміне алғаш енген кезде мұндай сәттер қатыгездік болып көрінеді. Бірақ табиғатта бәрі солай болуы тиіс екенін түсінесің».

Үлкен ала тоқылдақ Жеңіс саябағына қыстауға ұшып келген. Суретте ол терек діңіндегі зиянкестерді шұқылап отыр. «Ол бұл ағаштан ұзақ уақыт ұшып кетпеді, шамасы зиянкестер көп болған. Күн жылынғанда тоқылдақтардың көпшілігі қала сыртына ұшып кетеді. Бірақ оларды жақын жерден Алмалы, Талғайран, Еңбекшіл ауылдарының маңынан, басқа да жерлерден кездестіруге болады».

Осынау алтын аражегіштің отаны тропиктік аймақ емес, Атырау қаласы екенін елестетудің өзі қиын. Юлия құсты қала орталығындағы терезеден суретке түсіріп алыпты. Аражегіш – біздің өңірді мекендейтін әдемі құстардың бірі.

Көкқарға ұя салу үшін далалық және орманды дала аймақтарын таңдайды. Бұл жыл құсы, бізде сәуір-мамыр айларында пайда болады және күз басталғанда ұшып кетеді. Атырау облысы жазда тұруға өте қолайлы: мұнда ол қоректенетін кесірткелер мен кеміргіштер көп.

Осы жаздың жұлдыздары - қоқиқаздар. Бір топ қоқиқаз Атыраудың шетінде орналасқан «Квадрат» қалалық булану тоғанын демалыс орны ретінде таңдапты.

Бақылдақ құтан сирек көрінетін құс, бірақ шын мәнінде бұл Атырау өңірінде кең тараған құс. Бұл құсты «түнгі» құс деп те атайды, өйткені оның белсенділігінің көп бөлігі дәл түнде болады. Суретте ересек түрі бейнеленген, бұл оның желкесінен түсіп тұрған бұрымынан көрінеді.

Ал мына құстар әлеміндегі ең қанқұмарлардың бірі. Бұл торғайтәрізділер отрядына жататынына қарамастан жыртқыш құс. Құс өзінің ұсақ тұқымдастарымен, кеміргіштермен және жәндіктермен қоректенеді. Ол жемтігін жемес бұрын оны жергілікті акация ағашының өткір тікенегіне қадап қояды. Ал егер тікен жоқ болса, онда ол өз құрбанын бір-бірімен айқасқан бұтақтардың арасына қысады. Ол олжасын жиі ұмытып кететіндіктен, ағашта кеуіп қалған өлекселер тұрады. Бірақ қорықпаңыз, бұл жыртқыш болса да, қарауға сүйкімді сұр тағанақ. Сұр тағанақ Атырау жағалауын мекендейді және жыл құсы емес.

Юлия қала бойынша жиі экскурсиялар ұйымдастырып, қызығушылық білдіргендерге өлкеміздің жабайы табиғатының сұлулығымен таныстырады. Ол сұр құтандардың қайда тұратынын, өгіз шағаланы қара бас шағаладан қалай ажырататынын біледі. Қыста қарғалардың неліктен мұзға үйір болып жиналатынын, қай құстың арша жидектерін жейтінін біледі. Юлия орнитолог немесе тіпті биолог та емес, ол қарапайым адам байқай бермейтін нәрсені көре білетін адам. «Шындығында, Атырау облысы жануарға, құсқа, мекенге өте бай», - дейді қыз. - Тек мұқият қарап, құлақ салу керек. Өйткені сарнауық торғайар сайрап тұруы мүмкін».

Осы және басқа да жануарлар мен құстардың фотосуреттерін натуралист фотографтың Instagram-дағы naturalatyrau парақшасынан көруге болады.

Жазып алған Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Юлия ВАХМИСТРОВА түсірген суреттер

5 шілде, 00:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.