Жылыой ауданы Құлсары қаласы тұрғындары «АЖ» редакциясына хабарласып, ауыз судың тапшылығына қатысты дабыл түсірді.
- Су сағаттап берілуде. Белгіленген уақыттарда жеткілікті суды жинап алу мүмкін емес, сыздықтап тұр, жарытусыз. Оның үстіне судың түсі өзгеріп кеткен, сап-сары, әрі бөтен иісі бар. Бұл ішуге де, кір жууға да келмейді. Көпқабатты үйде тұратындар әжетханаға су таба алмай отыр, бұл не масқара? Дүкендердегі суға таласып отырмыз, ол да жетпей жатыр, - дейді су мәселесінен қиналған Құлсары тұрғындары.
Қала Қиғаш өзенінен келетін суға тәуелді. Өзеннен келетін техникалық су «Магистральдық суағызғы» ЖШС арқылы тазаланып, «Жылыойсу» МКК-нің су айдау станциялары арқылы таратылады.
«Жылыойсу» МКК әкімшілігінің тұрғындарға таратқан хабарламасында былай делінген: «МКК-ның су айдау станциясының (ВНС) су сақтау қазандарындағы су деңгейі азайып кетіп отыр. Оған себеп, ВНС-қа су жеткізіп беруші «Магистральдық суағызғы» ЖШС-нің су тазарту станциясы (ВОС) тарапынан Қиғаш өзенінен келіп тұрған техникалық суды тазартып үлгермеуіне байланысты болып отыр. Яғни, ВНС-ты қажетті су қорымен қамтамасыз ете алмай отыр. Қазандардағы су көлемінің аз болуына орай тұрғындарды сумен жеткілікті қамту мүмкін емес».
Су тапшылығына орай, кестемен беріліп отыр, таңертең сағат 06.00-09.00, түсте 11.00-14.00, кеште 18.00-21.00.
Судың өзгерісіне байланысты «Магистральдық Суағызғы» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Е.ТАҢҚЫБАЕВ мекемелерге мынадай тұрғыда хат жолдаған: «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық суағызғысын қайта құру және кеңейту, 1-кезек» жобасын іске асыру шеңберінде, 56-207 км магистральдық құбыр жолының жаңа учаскесі пайдалануға берілді. Осыған байланысты органолептикалық көрсеткіштер бойынша «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық суағызғысы берілетін техникалық су сапасының шамалы өзгеруі мүмкін екенін хабарлаймыз».
- Қазіргі таңда «Ұлттық сараптама орталығының» Жылыой аудандық филиалы мамандарымен «Магистральдық суағызғы» ЖШС-нің аудандық филиалы мен «Жылыойсу» МКК-ның су қазандарынан сынама алынды. Сынама қорытындысын күтіп отырмыз, қосымша хабарлаймыз, - дейді Құлсары қаласының әкімі Қадыржан АДИНОВ.
- Жалпы мониторинг бойынша су құбырларынан ай сайын су сынамасы алынатын болса, тасқын су басқан уақыттан бастап апта сайын орталық су құбырларынан су сынамасы алынып келеді, - дейді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әлия БЕКЕШОВА. - Соңғы өткен аптадағы су сынамалары қортындылары таза. Осы аптада алынатын су сынамалары қортындылары шыққасын қосымша хабарланады.”
«АЖ»-ға барлық нормативке сай келетін су беру қашан қалпына келтірілетінін нақтылаған жоқ. Дегенмен, қазандықтардағы су ертерек бітсе, кестеге қарамастан су мерзімінен бұрын тоқтатылатыны айтылды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Тұрғындар жолдаған суреттер мен бейнежазба