15 сәуірде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев CNPC компаниясының Орталық Азия және Ресей президенті Биан Дыжы мырзамен кездесті, деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар серіктестіктің басым бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кен орындарында бұрғылау және геологиялық барлау жұмыстарына қатысты жоспарлар, мұнай игеруді ұлғайту әдістері талқыланды.
Тараптар сондай-ақ жаңа геологиялық барлау жобаларын игеруге қатысты ынтымақтастық мәселесіне тоқталды.
«Серіктестігіміздің басым бағыттарын талқылау арқылы мұнай-газ саласын одан әрі тиімді дамытуға ұмтыламыз. Энергия көздеріне сұранысты өтеу және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін мұнай өндірісін ұлғайтуға және өңдеу қуаттарын кеңейтуге ықпал ететін жобаларды жүзеге асыруға ден қоямыз», — деді М.Мырзағалиев.