2022 жылы экологиялық инспекция "Норт Каспиан Оперейтинг компания Н.В." (NCOC) компаниясының Теңіз кешенін тексеру нәтижелері бойынша экологиялық талаптардың нормаларын бұзу, оның ішінде экологиялық рұқсатсыз күкіртті газды жағу, өндірістік суларды Каспий теңізіне тазартусыз ағызу фактілерін анықтады, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті.
NCOC - қа қатысты 5 әкімшілік іс қозғалып, олар Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Ағымдағы жылдың ақпан айында Атырау қаласы сотының апелляциялық сатысымен кәсіпорынға 12 млрд 419 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, ол толық көлемде төленді.
Бұзушылықтарды жою туралы бұйрық қазіргі уақытта Жоғарғы сотта қаралуда. Бұған дейін Астана қаласы сотының 1-ші және 2-ші сатысында нұсқама заңды және негізделген деп танылған болатын.