Атырау, 25 қыркүйек 04:20
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 479.71
€ 533.77
₽ 5.16

​Тоқаев: Жаңа Салық кодексін жасақтау жұмысы көңілімнен шықпады

450 просмотра

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексін жасақтау жұмысы мемлекет басшысы ретінде менің көңілімнен шықпады деп мәлімдеді. 

«Енді бюджеттің кіріс бөлігіне келейік. Қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерім болуын қамтамасыз етуі керек. Алайда, бизнес қауымдастығында бұл құжат, ең алдымен, салық мөлшерлемесін өсіруді көздейді деген пікір қалыптасып отыр.

Қазақстанда түпкі мәні өзгеріп кеткен қосылған құн салығының өзін реформалау қажет. Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді. Сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатыр. Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін.

Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды»

«Алдымызда ұлттық экономиканы сапалы әрі қарқынды дамыту деген өте маңызды міндет тұрғанын терең түсіну қажет.

Табыс пен мүлікке салық салудың жаңа жүйесін енгізбесек, кәсіпкерлерді табысын қалтаға баспай, бизнесін дамыту үшін жұмсауға ынталандырмасақ, арнайы салық режимдерін өзгертпесек, бұл міндетті орындай алмаймыз. Сондықтан Салық кодексі секілді стратегиялық маңызы бар құжатты әзірлеуге осы сала мамандарынан бөлек экономистер мен бизнес өкілдері жұмылдырылуы қажет. Әрине, бюджет қоржынын толтыру міндетін ұмытуға болмайды. Экономика неғұрлым қуатты болса, соғұрлым көп салық түседі деген қағидатты берік ұстану керек.

Салықты жайдан жай көбейте салуға болмайды. Ең алдымен, салық салу жүйесін реттеп, оны жетілдіру қажет. Сондай-ақ, көлеңкелі экономиканы барынша азайту керек. Яғни, салық жүйесін басқару жұмысы дұрыс жолға қойылмаса, ең озық деген салық саясатының өзі тиімсіз болып шығады.

Үкімет салық жеңілдіктерін берудің ашық әрі нақты ережелерін әзірлеуге тиіс. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша жеңілдік берудің салдарынан жыл сайын бюджетке орташа есеппен 7 триллионға жуық теңге кем түседі. Мен салық жеңілдіктерін 20 пайызға азайту туралы тапсырма бердім. Бірақ, әлі күнге дейін орындалған жоқ, тіпті, мәселені шешу жолдары да әзір емес»

«Микро және шағын кәсіпкерлік үшін еңбекақы төлеу қорынан бір реттік төлем жасауды енгізу ісі де аяқсыз қалды. Бұл норманың енгізілгеніне бір жылдан асты. Уәкілетті органдар жұмыстың табысты атқарылғаны туралы есеп берді. Ал бизнес өкілдері бұрынғысынша салық пен жарнаны бюджеттік емес қорларға жеке-жеке төлеуді жалғастырып жатыр.

Бір жағынан, орта бизнеске нақты қолдау көрсету мәселесіне айрықша мән беру керек. Мысалы, көп жағдайда бизнесті қолдан ұсақтап жатады. Кәсіпкерлерді тиісті санатқа бөлу әдістемесі дұрыс жолға қойылмаған. Мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде орта бизнеске басымдық берілуі керек. Осы мәселелерді міндетті түрде шешу қажет.

Бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту керек, соның ішінде реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді доғарған жөн. Тоқетерін айтсақ, осы салаға сапалы өзгеріс жасау керек»

«Тағы бір мәселе. Салық жүйесін толық цифрландыру қажет. Бұл сала цифрлық тәсілдерді, әсіресе жасанды интеллектіні қолдану жағынан ең алдыңғы шепте болуға тиіс. Қысқасы, атқаратын жұмыс – ауқымды.

Мемлекеттік кірістер комитетінде 2000-2014 жылдары іске қосылған 14 ақпараттық жүйе бар. Олардың көбі кеңінен қолданылмайды. 2021 жылы бұл жүйелердің бәрі халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен 12 жыл бойы жасалған жаңа жүйелермен алмастырылуы керек еді. Бірақ қаражат игерілгеніне қарамастан, еш нәтиже жоқ. Ведомствоның барлық ақпараттық жүйесіне тәуелсіз IТ-аудит жүргізуді тапсырамын. Жаңа Салық кодексін әзірлеумен қатар Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық архитектурасын қалыптастыру қажет.

Жалпы, салық және бюджет саласына түбегейлі реформа қажет. Соның арқасында мемлекет пен бизнестің арасында жаңа қоғамдық шарт жасалмақ. Осылайша, ұлттық табысты әділ бөлудің парасатты жолы қалыптасады. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі басымдық»


7 ақпан, 10:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.