
Жиында Қазақстанның 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгін біз былтыр атқарылған жұмысты қорытындылаймыз. Сондай-ақ алдағы кезеңнің басты міндеттеріне тоқталуымыз керек. Жалпы, өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Алдыңғы Үкімет осы бағытта біраз жұмыс істеді. Кеше мен бұрынғы Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа алғысымды білдірдім. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Сондықтан Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат – баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек", - деді Мемлекет басшысы.
Президент нақты меже барын, енді тек жұмыс істеу қажет екенін баса айтты.
"Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ, макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кету керек, осыған дейін Премьер-Министр болып Олжас Бектенов тағайындалғанын жазған болатынбыз. Amanat партиясы Премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновті ұсынды. Үкімет толық жасақталып, төрт министр жаңадан тағайындалды. Бұрынғы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың кезіндегі 17 министр өз қызметін сақтап қалды.
Бұдан бөлек саясаттанушы қызметінен кеткен атқарушы биліктің жұмысына баға берді.
В Атырау 0