Атырау, 27 сәуір 21:34
 ашықВ Атырау +15
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Алматыда екі ұлын өлтірген әкеге қатысты тың мәліметтер шықты

288 просмотра

Алматыда екі ұлын пышақтап ажал құштырған қатігез әкеге қатысты тың мәліметтер белгілі болды. Марқұмдардың туыстары қаскөйдің мұндай қылмысқа қызғаныштан барғанын айтып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Өйткені екеуінің арасындағы жанжал ешқашан үзілмеген дейді. Тіпті ажырасуға дейін барыпты. Ақыр соңында күйеуі бүкіл өкпе-назын қағаз бетіне түсіріп, балаларын өлтіріп, өш алмақ болыпты-мыс.

Қайғылы оқиға Райымбек даңғылы мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйде болған. Екі бүлдіршіннің өмірі осы пәтерде қиылды. Арнайы белгі де әлі тұр. Өткен бейсенбіде қатігез әке №30 пәтерді бір тәулікке жалдап, өзінің екі баласын кіргізеді. Болжам бойынша сол үйде балаларын пышақтап тастаған.

Өлерінде жанұшыра шыңғырған балайқалардың дауысын көршілер естіпті. Бірақ ешкім айтарлықтай мән бермеген. Өйткені бұл пәтер жалға берілетін болған соң, кім көрінген кіріп-шығып, әрқайсысы ылаң салып кетеді екен. 

«Бұл пәтер сағатына да, тәулігіне де беріледі. Әйтеуір түрлі адамды көреміз. Ылғи у-шу. Жалға алушылар шыңғырып, неше түрлі істейді. Иесі өз пәтерін бақылауда ұстамауынан осындай оқиға болып отыр», - дейді тұрғындардың бірі Валерий.

Әкесі мен балаларының бір дастарқан басында отырған суретіне қарап, бұлай болады деп ешкім ойламаған. Кішісі Рафаэльдің дәм-тұзы небәрі 9 жасында таусылып отыр. Үлкені Ринат 12 жаста. Сол күні әкесі менингитпен ауырған кіші баласын ауруханаға апарамын деген желеумен үйден алып кеткен.

«Пәтерде ол балаларды тамақтандырып, теледидарды қосып берген. Өзі 3-4 бет хат жазған. Осыдан кейін ұлдарына кіріскен. Біреуінің аузынан құлағына дейін кесіп тастаған. Екеуінің мойны кесілген. Көршілер бір баланың балконға шығып «көмектесіңдер» деп айқайлағанын естіген екен. Ақыр соңында өзіне пышақ сұғып, жансақтау бөліміне түсті. Қазір ауруханада жатыр», - деді марқұмдардың әжесі Валентина Осина.

Мұндай жауыздыққа баруын марқұмдардың әжесі қызғаныштан ба деп күдіктенеді. Өйткені қызы мен күйеу баласының арасындағы жанжал таусылмаған. Осыдан 9 жыл бұрын ажырасыпты. Бірақ заңды түрде ажырасса да, үйден кетпей қойды деп отыр. Соңында тіпті қайда, кіммен жүргенін бақылап отырған. 

«Бір ай бойы қызыма қоңырау шалып, «сен менің көзіме шөп салып жүрсің, неше түрлі ер адамдарды үйге кіргізесің» деп мазасын алатын. Тіпті қызғаныштан үйге бақылау камерасын орнатып, телефонына арнайы қосымша жүктеп, сол арқылы қайда жүргенін біліп отыратын. Бірақ менің қызым күйеуіне ешқашан опасыздық жасамаған», - деді марқұмдардың әжесі Татьяна Негрей.

Өз баласын ажал құштырған 38 жастағы ер адамның тұрақты жұмысы болмапты. Әйелінің арқасында күн көріп жүрген дейді. Жұбайы мейірбике болып жұмыс істейді. Қазір аталмыш оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.

«Аталмыш дерек бойынша Алмалы ауданы ПБ қызметкерлері ҚК 99-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғап, тиісті сараптама, зерттеу тағайындалды. Болған қылмыстың толық мән-жайы анықталып жатыр», - деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Заңға сәйкес, енді қаскөй кемі 20 жыл немесе өмір бойына дейін темір торға тоғытылуы мүмкін. Екі ұлын өз қолымен өлтірген қатігез әкенің ең қатаң жазаға тартылуын бүкіл туыстары талап етіп отыр.

10 қаңтар, 08:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.