Атырау, 28 сәуір 00:03
 ашықВ Атырау +23
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Декретке шығатын әйелдерге қандай төлем беріледі

571 просмотра

Елімізде жүкті әйелдерге заң бойынша әлеуметтік төлем беріледі. Декретке шыққан әйелдерге қандай әлеуметтік төлем беріледі және ол қалай есептеледі? Мұндай әлеуметтік төлемді рәсімдеу үшін не істеу керек? BAQ.KZ шолуынан біле аласыздар.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде 1 АЕК 3 692 теңгеге өсті. Сәйкесінше жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдер көлемі де артты. Осы ретте декретке шығатын аналарға қандай әлеуметтік төлем берілетінін есептеп көрейік.

Еңбек демалысының қандай түрлері бар?

Еңбек Кодексінің 99 бабы бойынша, жүкті, босанған, жаңа туған баланы асырап алған әйелдерге еңбек демалыстары беріледі. Оған жүктілікке, босануға байланысты демалыс, жаңа туған баланы асырап алғандарға арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс түрлері жатады.

Босанған әйелдерге қандай жәрдемақы беріледі?

Босанған әйелдерге берілетін жәрдемақының түрлері:

  • Жұмыс істейтін босанған әйелдерге жүктілігі және босанғанына байланысты табысынан айырылған соң әлеуметтік төлем беріледі. Сондай-ақ бір жасқа толғанға дейін жасалатын бала күтіміне байланысты әлеуметік жәрдемақы төленеді.
  • Жұмыс істемейтін әйелдерге бір жасқа толғанға дейін жасалатын бала күтіміне байланысты әлеуметік жәрдемақы төленеді.

Төлем қанша рет жасалады?

Жүкті, босанған, жаңа туған баланы асырап алған әйел табысынан айырылса, әлеуметтiк төлем бір рет, ал бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылса, әлеуметтiк төлем ай сайын төленеді.

Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы қанша?

Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді:

  • бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 140 296 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 232 596 теңге.

Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.

Бала күтіміне байланысты жәрдемақы 1,5 жасқа дейін төленеді

Бұрын бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби 1 жасқа толғанға дейін төленіп келді. 2023 жылдың қаңтарынан бастап осы төлем бір жарым жылға ұзартылып, былтыр 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден 1,5 жылға тағайындалды.

Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады.

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 21 265,92 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 25 142,52 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 28 982,2 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 32 858,8 теңге.

Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.

Төлем қалай есептеледі?

Жүктіліктің 30-шы аптасы (немесе көп ұрықты жүктілік кезіндегі 28-ші апта) басталған сәттен бастап әйел Қазақстанда декреттік демалысқа шыға алады.

Декретке шыққан кезде жұмыс істейтін қазақстандықтар 4 және одан да көп айға еңбекке жарамсыздық парағын алады, оған сәйкес оларға жүктілігі және босануы бойынша біржолғы әлеуметтік төлем есептеледі.

Босанғанға дейін ресми жұмыс істеген әйелдер де әлеуметтік төлем алады, бірақ жалақыға байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Бұл ретте, жұмыс істейтін қазақстандық әйелдің ең төменгі ай сайынғы әлеуметтік төлемі баланың отбасында туылуына байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыдан кем болмауы тиіс.

Бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем негізіне 2 жылдағы орташа айлық жалақы алынады.

Ол келесідей есептеледі: соңғы 24 айдағы барлық ресми кірістер қосылып, 24-ке бөлінеді.

Яғни егер әйел соңғы екі жылда ресми түрде жұмыс істесе, мысалы, тек 6 ай. Онда жалақы сомасы әлі де 24-ке бөлінеді.

Енді бұл орташа айлық жалақыны 0,4 коэффициентіне көбейту керек, яғни орташа көрсеткіштің 40% табу керек. Бұдан әрі міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) есебіне алынған соманың 10%-ын шегеру қажет.

  • Бірінші - босануға дейінгі жәрдемақыны есептеу формуласы. Кейінгі 12 айдағы табыс бойынша есептеледі: 12 × 4,2 - 10 пайыз (зейнетақы)
  • Екінші - ай сайынғы бала күтіміне байланысты жəрдемақыны есептеу формуласы. Кейінгі 24 айдағы жалпы табыс бойынша есептеледі: 24 × 0,4 - 10 пайыз (зейнетақы)

Оның негізінде әлеуметтік төлем есептелуі мүмкін ең жоғары жалақы 7 ЕТЖ-дан аспауы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта ЕТЖ мөлшері 85 000 теңгені құрайды.

Әлеуметтік төлемді eGov-та рәсімдеуге болады

Жүктілікке, босануға және жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау үшін өтінішті енді Электрондық үкімет порталы (eGov.kz порталы) арқылы беруге болады.

eGov.kz порталы арқылы өтініш беру үшін басты бетте «Әлеуметтік қамсыздандыру» бөлімін ашып, «Отбасыларға көмек» тармағын таңдап, тиісті қызметті табу керек.

Осыдан кейін пайдаланушы порталда авторизациялануы, онлайн қызметке тапсырыс беруі, барлық міндетті қатарларды толтыруы, талап етілетін файлдарды тіркеуі және ұсынылған нұсқалардың бірімен өтінімге қол қоюы қажет.

Өтінімді eGov.kz порталында қарау мерзімі 8 жұмыс күнін құрайды. Сомасы көрсетілген төлем тағайындау туралы хабарлама немесе бас тарту туралы дәлелді жауап пайдаланушының жеке кабинетіне жіберіледі.

Электрондық құжат және/немесе сұрау салу нәтижесі туралы хабарлама одан әрі жеке кабинетте, «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде қолжетімді болады.

Аталған қызметті eGov.kz порталы арқылы алу үшін жұмыс берушінің кадр қызметі толтыратын еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінен (E-HR) электрондық мәліметтер қажет екені айта кету керек. Сондықтан әлеуетті көрсетілетін қызметті алушы жүктілікке және бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалысқа шығу туралы тиісті деректердің E-HR-ге енгізілгенін нақтылауы қажет.

9 қаңтар, 15:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.