Атырау, 23 қараша 12:14
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Сарапшылар қаңтар оқиғасы туралы: «Егер Тоқаевтың батыл шешімі болмағанда, елдің саяси құрылымы өзгерер еді»

545 просмотра

4 қаңтарда саясаттанушы, Президент жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Марат Шибұтов «Алматы трагедиясы: екі жылдан соң» атты баяндамасын ұсынды. Шараға сарапшылар мен журналистер қатысты.

Баяндама 2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда болған наразылықтар мен мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне арналған. Баяндамада оқиғалар хронологиясы, наразылық жасауға себептер, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттену, бұған мемлекеттің реакциясы, болған оқиғалардың нұсқалары және жалпы ел үшін салдары сипатталған. Онда автор оқиғаны жеке ұстанымына қарай және қаладағы жаппай тәртіпсіздіктер, ұрып-соғу, тонау секілді аса шиеленіспен өрбігенін суреттеп, Алматы қаласында болып жатқан оқиғаларға баса назар аударған. Баяндама саясаттанушыларға, әлеуметтанушыларға, конфликтологтарға, тарихшыларға және журналистерге арналған.

Автор болып жатқан оқиғалардың түрлі нұсқаларына ерекше назар аударып, әрқайсысына тоқталып, қолдаған немесе қарсы болған уәждер келтіреді. Бұдан басқа, ол ықтимал баламасын сипаттап, мемлекеттік төңкеріс әрекетінің сәтсіз аяқталу себептеріне тоқталды. Содан соң ол бұл оқиғадан туындаған Қазақстанның саяси өміріндегі өзгерістерді атады.

Таныстырылым саясаттанушының мынадай тұжырымдарымен аяқталды:

  • Қазақстанда болған оқиға мемлекетке қауіп бар екенін білдірді  – шын мәнінде, егер президенттің батыл шешімі болмағанда, саяси басшылық өзгерер еді және, бәлкім, елдің саяси жүйесі өзгерген болар еді.
  • Ескі элитаның бір бөлігі билікті басып алуға тырысып, өте маңызды межеден аттап өтті - олар жаппай зорлық-зомбылықты кеңінен қолданды, бұдан қарапайым халық зардап шекті.
  • «Бейбіт наразылықтар» және «халық революциясы» туралы нұсқалар өтпейді - көп нәрсе ақылға қонымсыз және наразылық акцияларында зорлық-зомбылық болмаған қазақстандық саяси тәжірибеге сай келмейді. Болған оқиғалар теоретиктер рухындағы мемлекеттік төңкерістер логикасына қонымды. Қазақстан өзін ойша үшінші ел деп санамаса да, бірақ экономикалық және саяси тұрғыда біз сол жердеміз, демек, мемлекеттік төңкерістерден қорғалмағанбыз.
  • Қылмыспен астасқан қазақстандық исламшылдар өздерін өте мықты әрі ұйымдасқан күш ретінде көрсетті. Бұл Қазақстанда, соның ішінде ҰҚК тарапынан жылдар бойы салафизмге салғырттық таныту саясатының нәтижесі.
  • Қазақстанның күш құрылымдарының басты проблемасы – олардың жоғары басшылықтың бұйрығын күтіп, бекітілген жоспарды орындамауы. Бұл күш қолданудың және оны қолданғаны үшін жауапкершіліктен қорқудың салдары болып отыр.
  • Президенттің қару қолдану және ҰҚШҰ әскерлерінің көмегін пайдалану туралы нақты шешімдері болмағанда, мемлекеттік төңкеріс сөзсіз болар еді. Посткеңестік елдердің тарихында төңкеріс ойдағыдай жасалып, ел президенті шұғыл қуғынға кетуге мәжбүр болған 4 оқиға бар.
  • Сананың азуы, патерналистік ойлау және кедейшілік Алматыда басқа өңірлерден келгендердің де, алматылықтардың өздерінің де жаппай талап-тонаушылыққа баруына әкеп соқты.
  • Бірінші кезекте Алматы қаласының экономикасы және тұтастай алғанда ел тікелей зор шығынға ұшырады. Бірақ болашақта ел мен компаниялар позициясының құлдырауынан болатын жанама шығындар бұдан да көп болады – шетелдік инвесторлар экономикамызға инвестиция салу үшін бағалау жасай бастағанда олардың санасында мемлекеттік төңкеріс жасалуы мүмкін деген ой үнемі тұратын болады.
  • Қазақстандық қоғам орасан зор психикалық және әлеуметтік күйзелісті бастан кешірді. Бұл көпшілік үшін келеңсіз салдарға әкеледі, жалпы басқа елге қоныс аударуға жетелейді. Бұл жұртшылықты жікке бөлді - оның бір бөлігі төңкеріске қатысты нұсқаны қабылдамады, өйткені бұл олар үшін одан да үлкен соққы еді. Бұл бөлініс жалғасады, өйткені оған шетелдік ақша құйылып жатыр.
  • Қазақстанның саяси мәдениетінде түбегейлі өзгеріс болды – саяси мақсаттар үшін ауқымды зорлық-зомбылыққа көшу оның проблеманы шешудің ең тиімді әрі арзан тәсілі екенін көрсетті. Енді саясатта зорлық-зомбылық мұндай ауқымда болмаса да, жиірек қолданыла ма деп қорқамын.
  • Президент пен оның төңірегіндегілердің ұстанымына қарамастан, дағдарыс кезінде өздерін нашар жағынан көрсеткен немесе әліптің артын күткен элита бұқарасы мен күш құрылымдарының тобы адалдықтарын таныту үшін кінәлілерді қудалауда шектен шығады. Бұған ештеңе жасау мүмкін емес, өйткені күш құрылымдарының онсыз да нәзік ниеттестігіне нүкте қойылады.
  • Қазақстанның саяси жүйені демократияландыру және либералдандыру жолымен жүріп өтуі өте маңызды. Бұл 2023 жылғы көктемде Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауымен аяқталған биліктегі элитаның кең ауқымды ауыс-түйісімен қоса алғанда, әлдеқайда сенімді түрде ықтимал жаңа мемлекеттік төңкеріс әрекеттерінің алдын алады.

Марат Шибұтов өз баяндамасын 2022 жылғы мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне арналған талдау жұмыстарының бастамасы ғана болады деген тілегін білдірді. Таныстырылымнан соң шара жан-жақты әрі қызу пікірталасқа ұласты.

Автор түсіндіргендей, баяндама Марат Шибұтовтың «Казахстан и все-все-все» телеграм-каналында электронды түрде жарияланған және тегін жүктеп алу мүмкіндігі бар.

4 қаңтар, 14:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.