Атырау, 26 қыркүйек 00:32
 ашықВ Атырау +15
$ 478.16
€ 534.92
₽ 5.18

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Жаңа 2024 жылмен құттықтады

676 просмотра

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа 2024 жылмен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бәріміз бір ел болып Жаңа жылды қарсы алып отырмыз. Баршамыз ескі жылды ой елегінен өткіземіз, алдағы жылға жоспар жасап, жаңа мақсат қоямыз. Біз осы сәтте бір-бірімізге ақ тілегімізді арнаймыз, сый-құрмет көрсетеміз. Қасиетті Отанымыздың берекелі бірлігі жұртымыздың осындай тату тірлігінен басталады.

2023 жыл Қазақстан үшін табысы мен тауқыметі қатар келген жыл болды. Өмірде қуаныш пен қиындықтың алма-кезек болуы – заңдылық. Бірақ біз еңсемізді тік ұстап, келешекке әрдайым сеніммен қараймыз.

Биыл жұртымыз Жаңа жылды көптен күткен жағымды жаңалықпен қарсы алуда. Жақында халқымыздың саны 20 миллионға жетті. Еліміз үшін бұл ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Халық санының өсуі – мықты мемлекет болудың және өркендеудің кепілі. Ал бақытты отбасы – бақуатты елдің арқауы.

Қазақстан стратегиялық бағдары айқын ел ретінде тұрақты дамып келе жатыр. Біз ынтымақ-бірліктің және қажырлы еңбектің арқасында ауқымды іс-шаралар атқардық. Жаңару мен жаңғыру жолындағы маңызды реформаларды жүзеге асырдық. Осылайша, мемлекеттігіміздің тұғырын бекемдей түстік.

Заң мен Тәртіп үстемдігін орнатуды мемлекеттік саясаттың негізгі бағдары деп жарияладық. Осы бағытта нақты шараларды қабылдауға кірістік. Білім беру және денсаулық сақтау саласында ауқымды жобаларды қолға алдық. Әділдікке негізделген жаңа экономикалық үлгіге көше бастадық. Яғни, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін аса маңызды қадам жасадық.

Шетелден миллиардтаған доллар инвестиция тарттық. Соның арқасында елімізге аса қажет өндірістер ашылды. Жұмыс орындары пайда болды. Ел экономикасының басты қозғаушы күші ретінде шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсететін болдық.

Заңсыз алынған экономикалық активтерді елге қайтару жұмысы жалғасуда. Мемлекетке қайтарылған қаржы көп ұзамай халықтың игілігіне жұмсалатын болды, яғни мектептер салына бастады. Жылдар бойы игерілмей келген миллиондаған гектар жер адал шаруаларға берілетін болды.

Жаңа жыл – әрдайым жаңа міндеттер жүктелетін, жаңа сын-қатерлерді еңсеретін кезең. Біз келесі жылы ұлттың қайта өрлеуінің куәсі боламыз. Мен бұған кәміл сенемін. Алайда бәсекеге қабілетті әрі дамыған ел болу үшін әлі де көп тер төгуіміз қажет.

Жаңа жылда мемлекеттігімізді нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы жүйелі реформалар жалғасын табады. Біз заң мен тәртіптің үстемдігін орнықтыру үшін кешенді шаралар қабылдаймыз. Мемлекет тарапынан өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, энергетика және экономиканың басқа да салаларын өркендетуді көздейтін тың бастамалар қолға алынады. Біз әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке мұқтаж жандарға әрдайым қамқор боламыз. Мұғалім, дәрігер, құтқарушы, әскери қызметші, тәртіп сақшысы және басқа да кәсіп иелеріне қолдау көрсетеміз.

Біз жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын маңызды шешімдер қабылдап жатырмыз. Жақында Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі балалардың есепшотына түсе бастайды. Еліміздің жастары болашаққа нық сеніммен қарауы керек.

Келесі жылы ұлтымыздың тарихына байланысты бірқатар іс-шара өткізіледі. Халқымыздың тұлғаларын есте сақтап, олардың еңбегін дәріптеу – ұрпақ парызы.

Сондай-ақ алдағы жылы елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Спортшыларымыз Жазғы олимпиадаға қатысады. Түптеп келгенде, әр азамат өз саласының нағыз маманы болуы керек. Сонда ғана Отанымыз өсіп-өркендейді.

Сонымен қатар бүгін Жаңа жылдың қарсаңында жұмыс істеп жатқан адамдарға арнайы құттықтауымды жолдаймын. Сіздер елімізге адал қызмет етіп жүрсіздер. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

1 қаңтар, 09:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.