Бұл туралы қала басшысы кешегі жиында мәлімдеді. Алайда, шын мәнінде, адамдар апат бригадасын күтіп, үйлерінде тоңып отыр. Сумен қамту проблемасы жойылғаннан кейін атыраулықтар жаңа қиындыққа тап болды – газ қысымының төмендігінен қазандықтар өшіп қалып жатыр.
Бүгін түске дейін 109 қызметіне қаланың түкпір-түкпірінен газ қысымының төмендігіне қатысты жүз шақты шағым түскен. Диспетчердің айтуынша, қоңырау шалғандар негізінен қала маңындағы Тасқала, Дамбы, Көктем және Балықшы ықшамаудандарының тұрғындары.
Қала әкімінің төрағалығымен өткен жиында қала аумағындағы табиғи газ қысымының төмендеуіне күннің күрт суытқаны себеп болғаны айтылды.
– «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының мәліметінше, жеке тұрғын үйлер мен мекемелердегі газ қысымының төмендеуіне мекеме мен тұтынушылар арасында қызмет көрсету келісімшартының жасалмауы, уақытылы тексерілмеу, жазғы, қысқы режимге көшу себеп болып отыр. Егер біздің тарапымыздан қандай да бір ақпараттық немесе техникалық көмек қажет болса, біз оны ұсынуға дайынбыз, бұл біздің ортақ жұмысымыз. Қысқы жылу беру маусымында бірде-бір үй жылусыз, жарықсыз немесе сусыз отырмауы керек, - деді қала әкімі Ш.Кейкин жиында.
Үйлер мен пәтерлерде жылу мәселесінен бөлек, электр жарығы мен ыстық су да болмай қалады екен. Бұл проблема Береке, Балықшы, Алмагүл, СМП-136 ықшамаудандары мен қала орталығында байқалады.
Атырау облысы әкімдігінің Telegram чаты мен әлеуметтік желілер суықтан зардап шеккен наразы тұрғындардан келіп түскен хабарламаларға толы. Сондай-ақ олар жарықтың үнемі жыпылықтап тұратынына алаңдайды, бұл электр құрылғыларына зақым келтіруі мүмкін.
Белгілі болғандай, қазір Атырауда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жанынан құрылған бес апатпен күрес бригадасы жұмыс істеп жатыр.
«Атырау-Жарық» қазіргі жағдайға қатысты былай дейді: «Осы жылдың 14 желтоқсанында сағат 10.00-де Махамбет ауданы, Индер ауданы, Қызылқоға ауданы, Атырау қаласындағы Береке ықшамаудандары, Водниково ауылы, Балықшы ауылы, Курилкино ауылы, Тасқала ауылы, Ширина ауылы, СМП-136, Жилгородок, Стройконтора ықшамаудандары, қаланың сол жағалау бөлігінде 35/110 кВ желілерінде «САОН» автоматтандыру жүйесін іске қосу әсерінен электр қуатының апатты өшуі орын алды. Бұл автоматика бір немесе бірнеше жеткізу желілерін ажырату сияқты апаттық бұзылулар кезінде жүктеме түйінінің тұрақтылығын сақтау үшін жұмыс істейді. Бұған «KUS» газ тасымалдау жүйесінде (Қарабатан кентінде) генерацияның азаюы, Маңғыстау энерготорабына қарай 220 кВ транзиттік желідегі қуаттың ұлғаюы себеп болды. Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Атырау облысының электр желілерінде электр энергиясын тұтыну артып, бұл электр станцияларындағы генерацияның тапшы болуына да әсер етті.
Электр қуатының апатты сөндірілуіне жол бермеу және электр қуатының ұзақ уақыт өшуіне жол бермеу мақсатында «Атырау Жарық» АҚ қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Сағат 13:00-де Атырау қаласы мен Атырау облысын электрмен қамту толығымен қалпына келтірілді».
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА