7-11 желтоқсанда Алматыда муай-тайдан ересектер арасында (U-23) ҚР Кубогы өтті.
«Қайсар» спорт клубының шәкірттері 3 күміс, бір қола алқаны жеңіп алды. Атыраулықтар Амантай Әлихан (48 келіге дейін), Арсен Маратұлы (51 келіге дейін), Мұрат Дінмұхаммед (75 келіге дейін) және Тамерлан Төлеуғалиев (91 келіден жоғары) жүлделі орындарға ие болды.
***
Атырауда таэквондодан жастар, юниорлар, ересектер және ардагерлер арасындағы халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Байқау Дешті Қыпшақ даласының көрнекті қайраткері Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған.
Ашылу салтанатына спорт ардагерлері, Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Арман Шылманов, дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері қатысты.
– Бүгін ІІІ халықаралық турнир басталды. Оған еліміздің әр өңірінен келген 10 командадан және Ресейдің бір командасынан 100-ден астам спортшы қатысады. Сайыс жоғары деңгейде өтсін. Ұйымдастырушыларға, жергілікті спорт басқармасына және Атырау таэквондо федерациясына алғыс айтамын. Турнирдің мақсаты – жасөспірімдер арасында таэквондоны насихаттау және жастарды жеңіске ынталандыру. Бұдан басқа, бұл турнир ардагерлердің қатысуымен алғаш рет өткізілмек. Барлық спортшыға сәттілік тілеймін, – деді А.Шылманов.
Айта кетейік, 15 желтоқсанға дейін жалғасатын бұл турнир «Жайық» спорт кешенінде өтіп жатыр.