«Каспиймұнайгаз» АҚ ғылыми-зерттеу жобалау институтының мәжіліс залында қалдықтарды бөлек жинау мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Ұйымдастырушы - «ТАҢ» қолдау және дамыту қоры.
Жиын барысында қор басшысы Шынар ІЗТЕЛЕУОВА «Ecovision 2» жобасымен таныстырды: ол қоқыстарды үй жағдайында бөлек жинау мүмкіндігін жасау арқылы жер ресурстарының тұтыну қалдықтарымен ластануын азайтуға бағытталған. Жоба Азаматтық қоғамды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
«Арнаулы автобаза» ЖШС директорының орынбасары Есенжан ШАУДАНОВТЫҢ айтуынша, күніне 250 тонна қоқыс жиналса, бұл көрсеткіш айына орта есеппен 8-9 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды құрайды. Компанияның сұрыптау кешені пластик (бөтелкелер, канистрлер), тоқыма бұйымдары, металл (атап айтқанда, алюминий банкалар) және т.б. өңдейді. Тек картонға қатысты қиындықтар туындайды, өйткені оған сұраныс төмендеп кеткен.
Қалдықтарды бөлек жинауда басты проблема - қоқыстарды бөлек жинауға арналған контейнерлердің және оларды араластырмай, бөлек шығаруға тиіс арнайы көліктердің болмауы екен.
Ш.Ізтелеуованың айтуынша, көптеген қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны заман талабына сай емес, халық санының өсуіне қарай бұл мақсаттарға көбірек жер бөлу қажеттілігі туындап отыр.
«Ескі полигондар лық толы, олар үнемі тұтану ошағы болып табылады, қала аумағына контейнерлер орнататын орындар да керек», - дейді Ш.Ізтелеуова, - Атырау қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мамандандырылған ұйымның мәліметі бойынша, 2022 ж. полигондарға 130 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Атырау облысында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мен қоқыс багының айналасындағы үймелер де үлкен проблема болып отыр. Жер ресурстарын сақтау және ұтымды пайдаланудың халықаралық тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондарға бөлінген жер алаңдарын азайту үшін тұрғындардың өздері тастайтын сұрыпталмаған қалдықтардың көлемін азайту қажет».
Бұған дейін Атырау облысы бойынша бас мемлекеттік экология инспекторы Сырым ТІЛЕГЕНОВ бүгінде облыста 55 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар екенін мәлімдеген болатын. Оның екеуі Атырау қаласында, үшеуі Жылыой, сегізі Қызылқоға аудандарында орналасқан. Сонымен қатар, Индер ауданында – 7, Махамбет ауданында – 11, Құрманғазы ауданында – 22, Мақат және Исатай аудандарында бір-бірден полигон бар.
Ш.Ізтелеуова жобаны жүзеге асырмас бұрын тұрғындар арасында сауалнама жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша қалдықтарды бөлуге ынтаның жоқтығынан қалдықтарды бөлек жинау проблема екені белгілі болғанын жеткізді. Мысалы, тіпті қоқысты бөлек сұрыптайтын саналы азаматтардың өзі бірқатар кедергілерге тап болады екен.
Біріншіден, қалада жақын жерде сұрыпталған қалдықтарды қабылдайтын пункттер жоқ. Екіншіден, адамдар өздері мұқият бөліп салған қоқыстарды қоқыс көлігінің үйіндісіне бірге төгетінін көреді. Үшіншіден: қазіргі уақытта сұрыпталған қоқысты еріктілер аптасына бір рет немесе одан да сирек қаланың екі нүктесінен қабылдайды. Содан кейін мұның бәрі пәтерде белгісіз мерзімге сақталады, бұл да қолайлы емес. Тағы бір соңғы фактор - адамдар қоқысты қалай дұрыс сұрыптау керектігін білмейді.
Жоба аясында «ТАҢ» қоры сұрыпталған қалдықтарды шығаратын кәсіпорындар, ПИК, басқарушы компаниялар мен тұрғындар арасында қалдықтарды тиімді бөлек жинауды ұйымдастыру мәселелері бойынша диалог құруды жоспарлап отыр.
Ол үшін сұрыпталған қоқысты жинайтын компаниялар үйлердің қасына контейнерлерді орнатып, оны шығаруды қадағалауы керек. ПИК те жобаға белсенді қатысуы қажет: олар арнайы контейнерлерге орын бөліп, сұрыпталған қалдықтардың контейнерлерге дұрыс бөлінуін қадағалап, бизнеске тасымалдауға көмектесуі қажет.
Жоба аясында тұрғындарды қоқыстарды дұрыс сұрыптауды үйрететін акциялар, тренингтер, шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор