«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның 2023 жылғы мәліметі бойынша, Атырау облысында 107 стихиялық қоқыс орны анықталып, бүгінде оның 83-і жойылды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары, бас мемлекеттік экологиялық инспектор Сырым ТІЛЕГЕНОВТІҢ айтуынша, анықталған 107 стихиялық қоқыс орнының 9-ы Махамбет ауданына, екеуі Мақат ауданына тиесілі. 35-і Жылыой ауданы, Құлсары қаласында, 61-і Атырау қаласында орналасқан.
– Бүгінгі таңда Атырау қаласында 53, Жылыой ауданында – 29, Махамбет ауданында – бір стихиялық қоқыс орны жойылды. Жергілікті бюджеттен қажетті қаражат бөлінді. Құлсары қаласында тазалық жұмыстарын «Промэкология» ЖШС, ал Атырау қаласында облыс орталығының тазалығына жауапты «Арнаулы автобаза» ЖШС жүргізуде, -деді С.Тілегенов.
Сондай-ақ ол бүгінде облыста 55 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар екенін атап өтті. Оның екеуі Атырау қаласында, үшеуі Жылыой, сегізі Қызылқоға аудандарында орналасқан. Сонымен қатар, Индер ауданында – 7, Махамбет ауданында – 11, Құрманғазы ауданында – 22, Мақат және Исатай аудандарында бір-бір полигон алаңы бар.
– Оның сегізі қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаты бар полигон ретінде пайдаланылады. Бұл Атырау қаласындағы «Арнаулы автобаза» ЖШС мен «Вест Дала», Құрманғазин ауданындағы «Таяшев» ЖК, Исатай ауданында «Исатайгазстройсервис» ЖШС және «Рспаев У.» ЖК-ға қатысты полигон алаңдары. Жылыой ауданында «Жылыой тазалық» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС және «ЭСС Теңіз» ЖШС. Ал қалған полигондар экологиялық рұқсатсыз округтерде қоқыстарды уақытша сақтау орны ретінде пайдаланылуда, - деп түйіндеді С.Тілегенов.
Жомарт ӘМІРХАНОВ