Атырау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің Құрманғазы ауданындағы Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп–интернатына қатысты жүргізілген жоспардан тыс тексеру жұмыстарының нәтижесі белгілі болды. «АЖ» тілшісінің сауалына департамент басшысы Бердібек ТАИШЕВ білім беру ұйымында бірқатар кемшіліктер анықталып, басшысына 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 51 750 теңге айыппұл салынғанын хабарлады.
Бұған дейін біз мектеп-интернат тәрбиеленушісінің анасы ІІ топтағы мүгедек қызының қолы көгеріп келгеніне шағымданғанын жазғанбыз. Анасы сыныптастарымен сұрағанда, олар қызын тәрбиешілердің бірі ұрғанын айтқан. Әйел полицияға арыз түсірген, бірақ нәтиже жоқ.
Сонымен, Б.Таишевтың жазбаша жауабына оралайық. Ол тексеру барысында мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері мен қызметкерлерінің өмірі мен қауіпсіздігіне жағдай жасау, оқу-материалдық базасы, санитариялық-гигиеналық режимді сақтау талаптары стандартқа сай келмейтіні анықталғанын хабарлады.
Ол мектеп-интернат директорының м.а. Нұргүл МАДИЕВАҒА ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 409-бабының 6-тармағы («Көрсетілетін білім беру қызметтерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкес келмеуі, сондай-ақ мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарын өзге де бұзушылықтар») бойынша айыппұл салынып, кемшіліктерді жою туралы ұйғарым берілген.
"Аталған ұйғарымның орындалысын қадағалау департаменттің бақылауында болады. Жоғарыда аталғандар негізінде тексеру қорытындысымен тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға хат жолданды», - дейді Таишев өз жауабында.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Біздің ресми сауалымызға облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат КӨШҚАЛИЕВТЫҢ қолы қойылған жауап келді.
Ол осы жылдың 28 сәуірінде Мархабат Өтешқалиеваның арызы бойынша Құрманғазы аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігімен («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») қылмыстық іс қозғағанын айтты. Тергеу нәтижесінде 6 қазанда ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының 1-бөлігі 2-тармағы («Қылмыс құрамы болмауына байланысты») негізінде қылмыстық іс қысқартылған.
- Шешім 13 қазанда Құрманғазы аудандық прокуратурасымен келісілді. Аталған қылмыстық іс бойынша жүргізілген тергеп-тексеру амалдарының нәтижесінде Л.Каированың әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері анықталмады, - деп хабарлайды Көшқалиев.
«МЕКТЕП ӘКІМШІЛІГІНЕН ЕШҚАНДАЙ ӨТІНІМ ТҮСПЕДІ»
Атырау облысы білім басқармасына жолдаған ресми сауалымызға да жауап келді. Сауалға Құрманғазы аудандық білім бөлімі басшысы Гульфара КУБАЕВА жауап берген: «Құрманғазы ауданы Жыланды ауылы тұрғыны 2023 жылдың 14 сәуірі күні М.Утешқалиева қызын З.Серікқалиұлы атындағы мектеп интернатынан жауапты тәрбиешіден кезекші журналына қол қойып, үйіне алып кеткен. Ата-ана баласын мектеп-интернаттан алған кезде еш шағым болмаған. Ата-анасы қызын 17 сәуір күні мектеп-интернатқа алып келген кезде түнгі ауысымдағы тәрбиеші қызының қолынан шымшып, күш көрсеткені туралы мектеп директорының орынбасары М.Темирешоваға ескерткен. Бұл туралы сол кездегі мектеп директоры Р.Хасантаев естігеннен кейін, ішкі істер бөліміне ата-анаға арыз жаздырған, ал тәрбиешімен еңбек келісімшартын бұзған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыс құрамы дәлелденбеуіне байланысты қылмыстық іс өндірістен қысқартылды. Тергеп тексеру барысында оқушы қызды кім ұрғаны, неге денесі көгергені дәлелденбеді. Осы іске қатысты Құрманғазы ауданы сотының 2023 жылдың 15 қыркүйектегі шешімі бойынша түнгі ауысымда болған тәрбиешінің арызы өз еркімен жазылмағаны, сол кездегі мектеп директоры Р.Хасантаевтың шартты бұзу туралы қызметкерге бір ай бұрын хабарлама бермегені ескеріліп, қызметінен босату туралы бұйрығының күші жойылып, тәрбиеші сол жұмысқа қайта орналастырылған».
Ал мектеп-интернаттың жай-күйіне қатысты Г.Кубаева мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қажет екенін айтады. Ол мектеп ауласы қоршалған, бірақ ескі, ауыстыруды қажет ететіні, ауласында жарық шамдары жоқ екенін растайды. Осыған дейін мектеп-интернат әкімшілігінен қоршауды ауыстыру, жарық шамдарын орнату жөнінде қаржы сұралып, бюджеттік өтінім түспеген. Жалпы мектеп, интернат ғимараты, монша, медпункт, жылу қазаны күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Жақында техникалық сараптама жасақталды. 2024 жылы күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжат жасақтауға 8 млн теңге қаржы сұралып отыр».
Оның ақпаратына сәйкес, биыл мектеп-интернатты модернизациялау жұмыстарына 34 млн теңге, бір жылу қазандығы мен төрт насосқа 5 млн 890 мың теңге қаржы бөлінген. Ал 2022 жылы 45 бейнебақылау жүйесіне – 2 млн 390 мың теңге, электр плитасына – 775 мың теңге, сорғыға – 537мың теңге, ет турағыш алуға – 388 мың теңге қаржы бөлінген.
Айнұр САПАРОВА