«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев ҚХР-ға жұмыс сапары барысында CNCEC компаниясының өңірлік директоры Чжиюань Лумен кездесті, деп хабарлайды kmg.kz.
Кездесуде қазіргі және болашақ ортақ жобалары талқыланды. Атап айтқанда, қос тарап Атырау мұнай өңдеу зауытында газ турбиналы электр станциясын (ГТЭС) салуға қызығушылық танытты.
«CNCEC серіктестерімізбен ГТЭС жобасын іске асыру, соның ішінде кешенді жобалау, салу және қаржыландыру кезеңдері бойынша ортақ келісімге келдік. Артылған электр энергиясы Атырау халқының қажетіне берілетінін атап өткен жөн», — деді М.Мырзағалиев.
Еске сала кетсек, ГТЭС құрылысының басты мақсаты – зауыттың жаңа бөлігін тұрақты түрде сыртқы электр қуатымен қамтамасыз ету, кәсіпорындағы жабдықтар жұмысының тоқтауын барынша азайту және штаттан тыс жағдайлар кезінде газды мәжбүрлі түрде факелді қондырғыларға жіберу қаупін төмендету. ГТЭС қуаты 154 мВт*сағ. құрайтын болады. Биыл жыл соңына қарай жобаны іске асыру үшін серіктесті анықтау, сондай-ақ әлеуетті инвестормен келісімге қол қою жоспарда бар.
«Компаниямыз жобаға қолдау көрсетуге дайын. Қазіргі уақытта қазақстандық әріптестерімізбен жобаны өзара тиімді талаптар негізінде жүзеге асырудың оңтайлы жолдарын талқылап жатырмыз», — деді өз кезегінде Чжиюань Лу.
Бұдан бұрын CNCEC Атыраудағы «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС (KPI) зауытын салу кезінде EPC мердігері болған.