Атырау, 26 қараша 16:26
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Құрманғазы ауданындағы мектеп-интернат жоспардан тыс тексеріледі

1 057 просмотра
Сурет: sakura-kurmangazy.e-orda.kz. 

Зейнолла Серікқалиев атындағы мектеп-интернатты жоспардан тыс тексеруге оқу-ағарту министрлігінен маман қатысып жатыр.

Бұл ақпаратты Атырау облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек ТАИШЕВ растады.

Еске салсақ, тексеріс жергілікті блогер Рүстем БАЯЗИЕВТЫҢ өтініші негізінде 9 қазанда ашылған. Блогердің талабына Құрманғазы ауданы Жыланды ауылының тұрғыны Мархабат ӨТЕШҚАЛИЕВАНЫҢ шағымы түрткі болған. М.Өтешқалиева «АЖ» тілшісіне мәселенің мән-жайын былай баяндап берді.

«Қызыма дөрекілік танытты»

Былтыр сәуірде екінші топ мүгедектігі бар қызы мектеп-интернаттан үйге қолы көгеріп келді. Анасы не болғанын білу үшін мектепке барды. Ол жерде сыныптастарынан сұрап, қызын тәрбиешілердің бірі ұрғаны анықталды. Әйел бірден басшылыққа хабарлап, кінәлі тәрбиешіні жұмыстан шығаруды талап етеді. Алайда тәрбиешінің тек лауазымын төмендетеді. Бірақ мұнымен келіспеген тәрбиеші жұмыстан кету туралы арыз жазып, кейін «жұмыстан заңсыз қуылдым» деп сотқа жүгініп, өз лауазымына қайта алынады. Тәрбиеші қыз баланы ұрмағанын, жұмыстан кету туралы арызды қысым көрсетілген кезде жазғанын алға тартады.

Қыздың анасы жолдаған сурет.

Қыздың анасы да мұнымен келіспейді. Ол тәрбиешінің үстінен қызын ұрып-соққаны үшін жауапқа тартуды сұрап, полицияға арыз береді. Бірақ іс сотқа жетпестен, «дәлел жеткіліксіз болуына байланысты» қысқартылған. 

- Қызым тәрбиешінің өзіне дөрекілік көрсеткенін, қолын соның көгертіп қойғанын айтады, - дейді Өтешқалиева. - Оны түнде тәрбиеші әжетханаға апару үшін жұлқылап оятқан. Ұйқылы-ояу қызым тәрбиешінің әрекетін түсінбей қалған. Оның үстіне, оның мүгедек екенін ұмытпаңыз. Қызым жерге жатып алған. Оны тәрбиеші екі иығынан ұстап әжетханаға сүйреген. Кейін тәрбиеші оны сүйрегенін растап, көгертіп қойған шығармын деді. Мен директордан оны жұмыстан шығаруын талап еттім. Нәтижесінде оны кіші техперсонал етіп төмендетті. Бірақ ол жаңа мәртебесін қабылдамай, өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазды. Бір өкініштісі, сәуірдің 10-ы мен 19-ы аралығындағы бейнебақылау жазбалары сақталмаған, өшірілгенге ұқсайды. Полиция қараған кезде «ошибка» деп шығып, ашылмаған.

«АЖ»-ға белгілі болғандай, зардап шеккен қыздың анасы Құрманғазы ауданына келіп, облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВКЕ екі рет жүгінген. Алайда оның өтініші бойынша ешқандай шара қолданылмады.

«Мектепнтернаттың жағдайы мүшкіл»

Әйел жергілікті блогерге хабарласып, көмек сұрайды. Осы шағымның негізінде Баязиев түсініктеме алу үшін мектеп-интернатқа барады. Оның айтуынша, ол 31 тамызда сол мектеп-интернатқа барды. Сол кезде ол жерде жөндеу жүріп жатқан. Ол сол жерде, біріншіден, мектептің оқу жылына дайын болмағанын, екіншіден, асханасы азып-тозып, санитариялық ережелерге сай болмағанын, мектеп-интернат айналасы қоршалмағанын, ауласында жарық шамдар болмағанын айтады.

– Мектептің жағдайы өте мүшкіл. Жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінбеді ме? Бұған күмәнім бар... – дейді Баязиев.

Бірақ оқиғаға оралайық. Блогердің айтуынша, мүгедек қызды ұрып-соғуға қатысты сұрақтарына мектеп басшылығынан жартымды жауап ала алмаған. Кейін оқу-ағарту министрлігіне Астанаға барып, мұқият тексеру жүргізуді талап еткен. Осы талаптың негізінде 11 қазанда мектеп-интернатқа комиссия келген. «АЖ» өз кезегінде облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан СЛАМБЕКОВТЫҢ атына, облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат ОРАЗБАЕВТЫҢ атына ресми сауалхат жолдады.

Атырау облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Б. Таишев жоспардан тыс тексеру нәтижесі 17 қазаннан кейін белгілі болатынын хабарлады.

Айнұр САПАРОВА

17 қазан 2023, 00:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.