Нұрлан Жақыпов Президентті «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының өндірістік және қаржылық көрсеткіштері, сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша күтілетін нәтижелермен таныстырды.
Сонымен қатар Қорға қарасты компаниялар тобының маңызды жобаларын жүзеге асыру барысы жөнінде мәлімет берді. Мәселен, жыл соңына дейін алты ірі жобаны, атап айтқанда
- Астрахан – Маңғышлақ су құбырын реконструкциялау,
- «Сарша» және «Жылы жағажай» елді мекендеріне газ құбырын тарту,
- Бейнеу – Жаңаөзен газ құбырының 2-ші желісін салу,
- Мақат – Солтүстік Кавказ газ құбырының лупингін салу,
- бірінші ГРЭС-тің 1-ші блогын қалпына келтіру,
- Қазақстан Республикасының Бірыңғай электрэнергетикалық жүйесіне қарасты батыс аймағындағы электр желілерін күшейту жобаларын аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына Қор активтерін жекешелендіру жоспарының іске асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді. Биыл 10 қарашаға дейін KEGOC компаниясының SPO-сын аяқтау жоспарланып отырғанын жеткізді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорына қарасты бейінді емес активтерді жекешелендіру және компанияларға халықтық IPO өткізу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.