Теңізшевройл компаниясы Орталық Азияның Еуразия қорымен бірлесіп, Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы аясында шағын бизнесті қаржыландыру жобасының басталғанын хабарлады. Кешеден бастап әлеуметтік желіде осы жұмада жобаның ресми тұсаукесер рәсімі өтетіні туралы ақпарат тарады. Біздің редакция да осы жоба туралы ақпарат жинап көрді.
ТШО хабарлағандай, шағын бизнесті қаржыландыру жобасы пилоттық жоба. Яғни биыл оның орындалу барысын бақылап, жобаның Жылыой ауданы үшін қаншалықты қолайлы және осы бағытта жұмысты жалғастыру қаншалықты қажет екенін анықтау. Бұл жобаны Орталық Азияның Еуразия Қоры, қысқаша - ОАЕҚ іске асыруды қолға алды.
Ал, енді бірінші сұрақ туындайды: неге оларды таңдады?
Теңізшевройл - мұнай өндіруші компания және банктер сияқты бизнесті қолдауға қаржы беруге құқығы жоқ. Ал банктер пайызсыз қарыз бермейді, тек несие береді және олардың пайызын қосымша өтеу керек. Сондықтан компания бұл жағдайдан шығудың жолын іздеуге мәжбүр болды. Бұрын осы ОАЕҚ іске асырған «Жарқыра» жобасының тәжірибесі еске түсті. Олар әлеуметтік кәсіпкерлерді алдын ала оқытып, конкурс негізінде жоба жеңімпаздарына пайызсыз қарыз береді. Бұл жолы да дәл сол тәсілді қолданды.
«Тандау» деп аталған жоба - Жылыой ауданының кәсіпкерлері үшін бизнес-жобалар байқауы ретінде өтеді, оның жеңімпаздары өздерінің бизнес-идеяларын жүзеге асыруға пайызсыз қарыз ала алады.
Пайызсыз қарыз қандай мақсатқа беріледі?
Пайызсыз қарыз бизнес-жобаларды іске асыру үшін қажетті жабдықты сатып алуға беріледі. Бұл телефонды бөліп төлеуге алу сияқты: белгілі бір уақыт аралығында тұрғындар жабдықты сатып алуға жұмсалған қаражатты ОАЕҚ-на қайтаруы керек. Бірақ дәл осы жабдық кепілмен қамтамасыз етілетінін түсінген жөн, яғни қаражат белгіленген мерзімде қайтарылмаған жағдайда, жабдықты қайтаруға тура келеді.
Пайызсыз қарыз қандай көлемде беріледі?
Жабдықты сатып алуға арналған пайызсыз қарыздар төменде көрсетілген мөлшерде бекітілді:
- стартап (жас) жобалар үшін 2,5 млн теңгеге дейін (өз қызметін жүзеге асырғанына бір жыл толмаған кәсіпкерлерге)
- жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге 4,5 млн теңгеге дейін
Алайда, пайызсыз несие конкурс негізінде беріледі. Демек, жай ғана келіп жабдықты ала салуға мүмкіндік болмайды.
Конкурстық іріктеу қалай өтеді?
Конкурстық іріктеу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде конкурсқа қатысушы өзінің бизнес-жобасы туралы толық толтырылған өтінім мен екі минуттық бейнежазбаны ұсынуы керек.
Бірінші кезеңнің жеңімпаздары екінші кезеңге өтеді. Онда оқудан өтіп, алдын-ала бағалау үшін сараптама комитетіне бизнес-жоспар дайындайды.
Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша 30 үміткер сараптама комитетінің алдында өздерінің бизнес-жоспарын таныстыра алады, соңында тек үздік деп танылған қаржылай тұрақты 10 жоба таңдап алынады.
Демек, жылына тек 10 жоба қаржыландырылады ма?
Жоқ. Жылына үш мәрте өтеді, яғни 30-ға жуық жеңімпаз таңдалады.
Байқауға кім қатыса алады?
Қатысушыларға бірнеше талап қойылады, олардың ішінде ең бастысы – үміткердің жасы 18 жастан жоғару болуы керек. Бұдан басқа, конкурсқа қатысушыларға қойылатын талап:
- ЖК немесе ЖШС ретінде тіркелген
- Соңғы бес жылда өз қызметін Атырау облысының Жылыой ауданында жүзеге асыру
- Несие тарихы бұзылмаған жөн және салықтық немесе басқа қарыздары болмауы керек
- Өз қызметін конкурс ережесінде және ҚР заңнамасында тыйым салынбаған салаларда жүзеге асыру
- Байқаудың барлық кезеңінен өту
- Өз салымын сұралған соманың 10% дан 20%-ға дейінгі мөлшерінде ақшалай немесе ақшалай емес мәнде қамтамасыз ету.
Соңғы тармақты түсіндіре кетейік. Бұл өтініш берушінің бизнесті жүзеге асыру үшін өзінің жинақталған қаражаты - белгілі бір бастапқы капиталы болуы керек деген сөз.
Сонымен қатар, шектеулер де бар. Кәсіпорын алкоголь, темекі мен құмар ойындарын және т. б. қолдамауы тиіс.
Бұл жобаға қызығушылық танытып, толық ақпарат білгісі келетіндерге 29 қыркүйекте сағ 15.00-де Құлсары қаласы, Әбдірахманов көшесі, 45 мекенжайында орналасқан Салтанат Сарайында өтетін "Таңдау" жобасының ресми тұсаукесеріне қатысуға болады.
Конкурстың толық ақпараты мен ережесі www.ef-ca.kz сайтында сондай-ақ @tandau Instagram парақшасында жарияланады.
ОАЕҚ атап өткендей, тұсаукесерге қатысу үшін https://forms.gle/rXo6kMGqJnoe6DyH6 сілтемесі арқылы тіркелу қажет. Осындай кездесулер тізім бойынша ауылдарда да өтеді.
Жомарт ӘМІРХАНОВ