
Атырау облысында көп миллиардтық мемлекеттік мердігерлік жұмыстарын атқарушы ретінде танымал «Павлодар өзен порты» АҚ «Ертіс» футбол клубының 50% иегері атанды. Компания командаға қазірдің өзінде 250 млн теңге салды және жыл соңына дейін тағы сонша соманы аударуды жоспарлап отыр.
Павлодар облысы әкімдігінің хабарлауынша, «Ертіс» футбол клубы басқарудың коммерциялық моделіне көшті. Клубтың жартысын «Павлодар өзен порты» АҚ алды, тағы әрқайсысы 25 пайыздан RR-CAPITAL және «Біріккен жеміс-көкөніс компаниясы» компаниялары иеленді.
Үш инвестор команданы дамытуға жыл сайын кемінде 1,5 млрд теңге бағыттауға міндеттеме алды. Бұл ретте балалар және әйелдер футболын қаржыландыру мемлекеттің еншісінде қалады.
«Ертістің» жаңа тең иегері несімен танымал?
«Павлодар өзен порты» көп жылр бойы ірі мемлекеттік тапсырыстарды орындап келеді, соның ішінде Атырау облысында да орындаған жұмыстары бар.
Сонау 2018 жылы «АЖ» компанияның Жайық пен Қиғаш өзендері түбін тереңдету жұмыстары туралы айтқан болатын. Кейін кәсіпорын тазарту құрылыстарын қайта жаңарту және басқа да гидротехникалық жобалар бойынша көп миллиардтық келісімшарттарға қол жеткізді.
Атап айтқанда, бұған дейін «АЖ» хабарлағандай, Атыраудың оң жағалауындағы кәріздік-тазарту құрылыстарын қайта жаңарту құны бастапқы 18,5 млрд теңгеден 40,1 млрд теңгеге дейін өсті. Жобаның бас мердігері — «Павлодар өзен порты».
2026 жылғы тамызда компания сондай-ақ Бейбарыс ауылының маңында Жайық жағасын бекіту бойынша құны 3,9 млрд теңге болатын конкурсты жеңіп алды.
В Атырау +4