Атырауда жер қатынастары және сәулет бөлімдерінің бұрынғы басшылары мен Атырау қаласы әкімі аппаратының қызметкері қамауға алынды. Бұл туралы "АЖ"-ның ресми сауалы бойынша Атырау облыстық прокуратурасы хабарлады.
"Лауазымды тұлғалар жер учаскелерін бөлу және олардың нысаналы мақсатын анықтау кезіндегі алаяқтық әрекеттері үшін күдікке ілінді.
Прокуратура бұл деректі ҚК 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы ("Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық") және ҚК 361-бабы ("Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану") бойынша тіркеді. Мемлекетке 1,1 млрд теңге көлемінде залал келтірілген. Облыс прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етілуге жатпайды" делінген прокуратураның хабарламасында.
Жер қатынастары және сәулет бөлімінің бұрынғы басшыларына қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Ал қала әкімі аппаратының қызметкері үйқамаққа алынды.
Айнұр САПАРОВА