Атырау, 11 қараша 14:02
 дождьВ Атырау +4.4
$ 447.52
€ 502.21
₽ 5.41

Астана – Алматы бағытына отандық Stadler вагондары бар пойыз шықты

15 рет қаралды
Фото: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ
Фото: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ

11 қарашада Астана – Алматы бағытына қазақстандық өндірістен шыққан Stadler вагондары бар жолаушылар пойызы алғаш рет жолға шықты. Жаңа вагондар климат-бақылау жүйесімен, Wi-Fi, электр розеткаларымен және USB-порттармен жабдықталған. Сондай-ақ олар 50 градус аязда да пайдалануға есептелген.

Пойыздың салтанатты түрде жолға шығару рәсімі елордадағы «Нұрлы жол» вокзалында өтті. Жолға шығар алдында журналистерге жаңа вагондар, олардың техникалық жабдықтары мен жолаушыларға жасалған жағдай таныстырылды. Алғашқы жолаушыға естелік сыйлық табыс етілді.

№ 3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызы күн сайын қатынайды. Астанадан сағат 13:10-да аттанып, Алматыға келесі күні сағат 08:30-да жетеді. Осылайша, жол жүру уақыты 19 сағат 20 минутты құрайды. Кері бағытта пойыз сағат 12:12-де жолға шығып, келесі күні сағат 07:03-те елордаға келеді.

Вагондар Қазақстанда швейцариялық Stadler компаниясының технологиясы бойынша шығарылған. Олар жергілікті климаттық жағдайларға бейімделген және –50-ден +45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға жарамды. Мәлімделген қызмет ету мерзімі — 40 жыл.

Купе вагондары 40 жолаушыға арналған. Оларда жеке жарықтандыру жүйесі, климат-бақылау, 220 В розеткалары, USB және USB-C порттары, Wi-Fi, бейнебақылау жүйелері мен жүк орналастыруға арналған орындар қарастырылған. Қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін де арнайы жағдай жасалған. Пойыз құрамында буфет-вагон да бар.

Бүгінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ Stadler компаниясының 100-ден астам вагонын қабылдап алды. Келісімшартқа сәйкес, 2030 жылға дейін сервистік қызмет көрсетуді қоса алғанда, барлығы 557 жолаушылар вагонын жеткізу жоспарланған.

13 қарашадан бастап жаңа вагондар Астана – Семей бағыты бойынша қатынай бастайды. Екі бағытқа да билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан және теміржол кассаларынан сатып алуға болады.


Бүгін, 13:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.