Атырау, 11 қараша 12:32
 дождьВ Атырау +4.4
$ 447.52
€ 502.21
₽ 5.41

Каспийдің балық қорын көбейту: Атырауда бекіре өсіру өндірісі кеңейтіліп жатыр

34 рет қаралды

Атырау бекіре балық өсіру зауытын кешенді жаңғыртудан кейін кәсіпорынның өндірістік қуатты жылына 7,4 миллион шабақ өсіруге дейін өседі. Қазір зауыт жылына 5 миллион бекіре шабағын шығарып келеді.

Облыс әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп жүргізіп жатқан қайта жаңарту жұмыстарының барысы қаралды. Жайық-Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын сақтауға бағытталған бұл жоба аясында кәсіпорынды кеңейту үшін 17 гектар жер телімі бөлінген.

Айта кетейік, зауыт «Жайық-Атырау» және «Атырау» зауыттарын біріктіру нәтижесінде құрылған, қазіргі уақытта өндірістік жұмыстар «Жаңаталап» мен «Еркінқала» учаскелерінде жүргізілуде:

  • «Жаңаталап» учаскесі: Жаңғыртудың екінші кезеңі атқарылып жатыр. Өндірістік цех күрделі жөндеуден өтіп, тұйықталған сумен қамту жүйесі мен желдеткіштер орнатылды, балық бассейндері дайындалды. Сонымен қатар шабақтарға азық болатын дафнияларды (ұсақ шаян тәрізділер) өсіретін 32 бассейн жабдықталуда. Мұндағы негізгі жұмыстар қарашаның соңына дейін, ал сорғы станциясы жыл аяғына дейін аяқталады.

  • «Еркінқала» учаскесі: Іс-шаралардың үшінші кезеңі басталуы тиіс. Жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын жұмыстар бойынша қазіргі таңда мердігерді анықтау тендері өтіп жатыр.

Аймақ басшысы Болат Ақшолақов Каспий бассейніндегі балық қорын молайту — өңірлік су биоресурстарын сақтаудың басты шарты екенін атап өтіп, «Еркінқала» учаскесіндегі жұмыстарды уақытынан кешіктірмей жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар әкім шабақтарды молырақ өсіріп, оны жергілікті балық шаруашылықтарына беру мүмкіндігін қарастыруды жүктеді. Бұл аймақта тауарлы бекіре еті мен уылдырық өндірісін арттыруға жол ашады.

Бүгін, 12:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.