
Алматы халықаралық әуежайында адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиға болды. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан перрон учаскесінде мердігер ұйымның қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform.
Алматы әуежайының баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақта болған. Қаза тапқан ер адам нысандағы жұмыстарды орындауға тартылған мердігер ұйымның қызметкері болған.
«Алматы халықаралық әуежайының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан перрон учаскесінде жазатайым оқиға болды. Оқиға салдарынан мердігер ұйым қызметкерлерінің бірі зардап шекті», — деп хабарлады әуежай өкілдері.
Көліктегі полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», — деп мәлімдеді полиция.
Әуежай өкілдері құқық қорғау органдарына көмек көрсетіп жатқанын атап өтіп, қаза тапқан азаматтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
БАҚ мәліметінше, қайғылы оқиға 10 қарашада болған. Ер адамның қаза табуына қатысты нақты мән-жай әзірге жарияланған жоқ.
В Атырау +4.4