Аймақ басшысы Серік ШӘПКЕНОВ жақында Белградта өткен еркін күрестен әлем чемпионы атанған Ризабек АЙТМҰХАНМЕН кездесті. Кездесуге спортшының әкесі мен жаттықтырушылары қатысты.
Облыс басшысы Қазақстанның еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионын жеңісімен құттықтап, олимпиада шыңын бағындыруға тілек білдірді.
- Сіздің алған белесіңіз еліміз үшін үлкен мақтаныш. Еліміздің көк туын көкте желбіретіп, қайсар мінезіңіз бен тынымсыз еңбегіңіздің арқасында осындай белесті бағындырдыңыз. Шын жүректен жеңісіңізбен құттықтаймын. Әрқашан деніңіз сау болып, алар асуыңыз тоқтамасын,- деді С.Шәпкенов.
Өз кезегінде Р.Айтмұхан чемпионат барысы мен финалдағы қиындықтар туралы айтып өтті.
- Ақтық жарыс қиын өтті. Финалда әзірбайжандық палуан Осман Нурмагомедовпен кездестім. Оның күрестегі техникасын зерттеп, көп іздендім. Кейін боз кілемде өзімнің тактикаларымды пайдаланып, алтын медаль иеленіп, жеңіске жеттім,- деді Р.Айтмұхан.
Жиында бұқаралық спортты дамыту, жергілікті спортшыларды қолдау, ауылдарда спорт кешенін көптеп салу мәселелері талқыланды.
Облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Арман ТОҒАЕВ облыста дене шынықтыру және спорт басқармасымен біріккен түрде еркін күрес академиясын ашып, оған Ризабек Айтмұханның атын беру жоспарда бар екенін жеткізді.
Анықтама үшін: Ризабек Айтмұхан жақында Сербияның астанасы Белград қаласында өткен еркін күрестен әлем чемпионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы алтынды жеңіп алды. Алғашқы айналымда Мажарстан балуанын 13:3 есебімен ұтса, екінші кезеңде 2023 жылғы Еуропа чемпионы, түркиялық Файзолла Актүрікті 11:0 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда қазақ балуаны грузиялық қарсыласын жеңіп, өз мансабында алғаш рет әлем чемпионатының финалына шықты. Финалда ол әзірбайжандық Осман Нурмогамедовпен белдесіп, жеңімпаз атанды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер