Атырау, 27 қараша 05:46
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Балықшыда рок-хиттер шырқалды

679 просмотра

Балықшыдағы облыстық халық шығармашылығы орталығында Tynda.music жобасы аясында музыканттардың рок-концерті өтті. Олар Алматыдан келді, бұған дейін еліміздің бірнеше өңірін аралап үлгерген. Атыраудан кейін Ақтауға бет алды, одан соң Бакуге, Бішкекке, Ташкентке баруды жоспарлап отыр.

Балықшыдағы зал тола қоймағанымен, рок-музыканың жанкүйерлері, шынайы бағалайтын көрермендердің жиналғаны көрініп тұрды. Бірақ роктан бейхабар мен ол жерге қалай бардым?

Концерт қарсаңында мәдениет басқармасы әлеуметтік желіде байқау ұйымдастырды. Концерт туралы хабарландыруды Instagram stories-де белгілеу керек болды. Осылай белгілеп, күтпеген жерден екі билет ұтып алдым. Анаммен бірге барып, түк те өкінбедім.

Концерт әсерлі өтті. Әртістер рок эволюциясының әр кезеңін орындап берді. Репертуарда 70-жылдардан бастап, 2000 жылдарға дейінгі әлемдік рок-хиттер болды. «The Show Must Go On», «We Will Rock You», «Рокки 3» фильміндегі Eye Of The Tiger және әндер орындалды.

Концерт аяқталуға жақындағанда рок-тобының вокалисті Алан САЛПАГАРОВ көрермендерді орындарынан тұрып, би билеу үшін сахнаға жақындауды өтінді. Көрермендер осыны күткен еді, өйткені жігерлі музыка көпшіліктің бір орында отыруына мүмкіндік бермейтіндей еді. Жастар да, үлкендер де музыканттарға қуана жүгіре жақындап, сүйікті әуендеріне биледі. Залдың іші ысып кетті, бірақ қаламыздағы жабық ғимаратта өткен концертте осындай атмосферадағы еркін көрерменді бірінші рет көруім!

Көрермендер музыканттарды ұзақ уақыт жібермей, олардан үш рет биске шығуды сұрады. Әртістер Ақтауға кетер алдында сәл демалулары керек екенін мойындағаннан кейін ғана көрермендер тынышталды. Ол жақта да концерттің сән-салтанатпен өтетіні сөзсіз.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

25 қыркүйек 2023, 16:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.