Атырау қаласында су құбырларындағы 67 бұранда мен ысырма ауыстырылды.
Бұл туралы «Атырау облысы Су арнасы» КМК директорының өндіріс бойынша орынбасары Ғасыржан ЛЕКЕРОВ мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ғ.Лекеровтің айтуынша, бұл іс-шаралар сумен жабдықтау желісіндегі апаттық жағдайлардың санын азайту үшін және техникалық тұрғыда судың ысырап болуына жол бермеу мақсатында жүргізіліп отыр. Сондай-ақ ол, өңдеу жұмыстары жүріп жатқан мөлтек аудандарды атап өтті.
- Су құбыры желісіне 19 бірлік Д-100 мм бұранда Қызылбалық, Жұмыскер ауылдары, Ширина, Сарықамыс, Балықшы ықшам аудандары мен Құрманғазы көшесінде орнатылды. Сонымен қатар, 13 бірлік көлеміндегі Д-150 мм бұранда ауыстыру жұмыстары Мирный, Балықшы, Жұмыскер елді мекендері мен Құрманғазы көшесінде атқарылды. Оған қоса 17 бірлік көлемінде Д-200 мм бұранда Мирный, Тұрғындар қалашығы, Азаттық даңғылы мен Баймұханова көшесіне орнатылды. Және 5 бірлік Д-250 мм бұранда Нұрсая, Мирный, Өркен-2 ықшам ауданы мен С.Бейбарыс даңғылы бойында жасалды, - деді Ғ.Лекеров.
Оның айтуынша, 4 бірлік көлемінде D-500 мм ысырмаларды ауыстыру жұмыстары Перетаска, Балықшы, Нұрсая шағын ауданында іске асырылған. Ал 9 бірлік көлемінде D-600 мм ысырмаларды ауыстыру жұмыстары С.Бейбарыс даңғылы, Элеваторная, Атамбаев, Құрманғазы көшелері, Лесхоз-2, Нұрсая ықшам ауданында жүзеге асқан.
Сонымен қатар «Атырау облысы Су Арнасы» КМК күз және қыс айларына дайындық жұмыстарын қарқынды жүзеге асырып жатыр. Атап айтсақ, ұзындығы 64 метрді құрайтын су құбырларына, апатты кәріз учаскелеріне және су ұңғымалары мен кәріздік құдықтарға жөндеу және кеңейту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ сорғы, бұранда мен қақпақшалар ауыстырылды. Жылу құбырларындағы ажыратқыштар қайта қаралып, жылу алмастырғыштарды тазалау, бетон қақпақтарын және су құбыры мен кәріз ұңғымаларын жабу жұмыстары атқарылды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА