Өскеменде өткен Қазақстан біріншілігіне еліміздің барлық облысынан шамамен елу шақты параспортшы қатысты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жыл сайын өтетін пара ат спортына атыраулық параспортшылар үлкен дайындықпен барған. Екі күнге созылған жарыстың нәтижесінде атыраулықтарға 2 алтын, 1 күміс жүлде бұйырып отыр. Жеңімпаздың барлығы «Атырау. Маленькая страна» әлеуметтік қалашығының тұрақты бенефициарлары.
14 жасқа дейінгі жеткіншектер арасында Ернұр Сатыбалды 40х20 шаршы алаңда ат үстінде мәнерлеп жүру бойынша алтын медальге ие болды. Ал ересектер арасында дебютант Аманқос Төлешов алтын жүлдеге қоса, біріншіліктің «Жеке сыйлығын» қанжығасына байласа, Айсұлтан Дюсалиев күміске қол жеткізді.
– Екі жылғы үздіксіз еңбек пен тәртіптің арқасында менің спортшыларым бүгінгідей керемет нәтижеге қол жеткізді. Үшеуі де «Атырау. Маленькая страна» әлеуметтік қалашығындағы иппотерапия сеансына келіп ем алушылар. Әрине, спортшыға тән мінез бен алғырлықты көріп, үшеуіне де өзім ұсыныс тастадым. Түйсігім алдамаған екен. Бәрі де тамаша өнер көрсетіп, екі ересек спортшым Қазақстан құрамасына өтті. Бұл мен үшін үлкен қуаныш,- деді жаттықтырушы Ерлан Күмісқалиев.
Оның айтуынша, 13 жасар Е.Сатыбалды пара ат спортынан биыл екінші рет чемпион атанып отыр. Жалпы бірлестік тарихында пара ат спорты бойынша үздік көрсеткіштер айтарлықтай. «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігі иппотерапия мен параспортты біріктіріп, 2020 жылдан бері пара ат біріншілігінен 7 алтын, 2 күміс, 1 қола ұтып алған.
Биыл да осы жоба аясында №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының балалары иппотерапия курсына қатысып жүр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА