Атырау, 11 желтоқсан 18:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Қоқыс жинау - табысты кәсіп

903 просмотра

Махамбет ауылында жеке кәсіпкер экологиялық маңызы бар жобамен айналысып келеді. 

Қоқысты жинап, шығару жобасын кәсіпкер Бағытжан МҰРЗАҒАЛИЕВ былтыр қолға алған. Жұмысты жолға қойып, жасауға болатынына көзі жеткен соң, биыл заңдастырған. Қазір «Мадина» жеке кәсіпкерлігін тіркетіп, заңды түрде ауыл тұрғындарының қоқысын жинап, тасымалдау қызметін атқарады, деп хабарлады Махамбет ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.   

- 2005 жылы өзім үшін ГАЗ-54 автокөлігін сатып алдым. Алғашында сол көлікпен қоқысын шығарып беруге өтініш білдірген тұрғындардың үйіне барып қызмет көрсетіп жүрдім. Бертін келе контейнер арқылы табыс табуға болатынын естідім. Осы шаруаны бастап көруге тәуекел еттім де, өткен жылы қолға алдым. Кәсібімді заңдастырған соң 105 үймен келісім-шартқа отырдым. Әр үйдің ауласына ішіне қоқысқа арналған пакеті бар контейнер қойдым. Аптасына бір рет, яғни айына төрт рет өзім барып алып тұрамын. Бұл контейнерлер қатты, құрғақ тұрмыстық қалдықтарға арналған. Қасымда бір көмекшім бар. Бензин, қоқыс пакеттері және көмекшіге төлейтін жалақыны алып тастағанда айына 150 мың табыс тауып отырмын, - деді Б.Мұрзағалиев.  

Сондай-ақ ол, алға қарай мемлекет тарапынан қолдау тауып, техникасын жаңартса, көмекшіні де қызметін пайдаланушылардың да санын көбейту ойында бар екенін жеткізді. 

Ал Атырау облыстық кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының басшысы Жексенбай ПАЗУЛОВТЫҢ айтуынша, Махамбет ауылында 12 мыңға жуық тұрғын, 2500 аула бар. Ауылдың тазалығын сақтау, қоқыс шығару мәселесін шешу үшін осындай кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, бәсекелестік ортаны қалыптастырудың маңызы зор.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

21 қыркүйек 2023, 17:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.