«Ayala prestige» жиһаз цехы үйге және кеңсеге қажетті жиһаз түрлерін дайындайды. Мәселен, ас үй, жатын бөлме жиһаздарын, одан бөлек баспалдақ, есік, шкаф түрлерін де әзірлейді, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
- Бұл кәсіппен үш жылдан бері айналысып келемін. Бұрын арнайы орын болмай жүрген. Енді міне цех ашылып жатыр. Тапсырыстарды келісім-шартпен қабылдаймын. Ал жасалу уақыты жиһаздың түріне байланысты. Айталық үстел, шкаф сияқты жиһаздар көп уақыт алмайды, ал баспалдақ, ас үй жиһаздарына уақыт көп кетеді. Құралдарыма келсем, станоктарымды Ресей, Қытай, Қазақстанның өзінен де алдым. Ағашпен жұмыс жасайтын барлық құрал-жабдықтарым жеткілікті, - деді цех иесі Руслан СЕРІКБАЕВ.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының Жылыой аудандық филиалының директоры Ерлан НҰРЛАНОВ кәсіпкерге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кепілдік қарастырылып, субсидияланғанын айтты.
— Бұл кәсіпкер үшін үлкен мүмкіндік. Ауданымыздағы өндірістік кәсіптің көбейіп жатқаны қуантады. Алдағы уақытта да мүмкіндігінше кәсіп иелеріне қолдау болып тұрады деп ойлаймын,- деді Е.Нурланов.
Айта кетейік, қазіргі таңда цех иесі 14 аудан тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 30-ға жеткізу жоспары бар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер