Атырау, 27 қараша 05:34
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Құлсарыдағы аналар пикеті: «Шыдамымыз таусылды!»

Бейнежазба
1 430 просмотра

Бейнежазбадан алынған кадр

20 қыркүйекте Жылыой ауданы Құлсары қаласында 70 шақты ашынған ана жиналып, үш жылдан бері бітіп тұрған баспана кілтін беруді талап етіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ атына Үндеу жолдады.

Естеріңізге сала кетейік, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы құны 8 млрд 354 млн теңгеге бағаланған 100 пәтерлік үш үйдің құрылысын «Каспийская Кадровая Ассоциация» ЖШС 2019 жылы бастаған болатын. Одан бері үш жыл өтсе де тұрғындардың игілігіне жарамай отыр. Жергілікті әкімшіліктің үйдің пайдалануға берілетіні жөніндегі уәдесінен шаршаған тұрғындар пикет ұйымдастырды. Баспана жалдап, тентіреп жүрген тұрғындардың өкпесі қара қазандай.

- Еліміздің басшысы Қасым-Жомарт КЕМЕЛҰЛЫ, біз Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының көп балалы аналары атынан Сізге Үндеу жолдап отырмыз. Бұдан төрт жыл бұрын басталған үй әлі күнге берілмей отыр. 2021 жылы пайдалануға беріледі деген үй пандемияға байланысты кейінге шегеріліп, 2022 жылдың желтоқсанында жаңа баспанаға қол жеткізесіңдер деп уәде беріп еді. Алайда мердігер мен аудандық құрылыс бөлімі арасындағы сот өте ұзаққа созылып кетті. Аудандық құрылыс бөлімінің қызметкерлеріне барсақ, мардымды жауап бермеді. Аналардың соңғы үміті Сізде, мемлекет басшысы. Күз түсіп, күн суытты, аржағында қаһарлы қыс тұр. Сол себептен баспана кілтінің тезірек берілуіне ықпал етіңізші, - дейді Апуза ТӨЛЕГЕНОВА және басқа да әйелдер онымен келісті.

- Біз әкімдіктің табалдырығын тоздырып шаршадық. Әрқайсымызда бес, алты, жеті баладан бар. Үй жалдап қаңғып жүрміз. Жұмыс бірде бар, бірде жоқ, - дейді Салтанат ДОСАНАЛИЕВА.

- ...Балаларымыз қараусыз қалады, әке-шешелері үй жалдап, соған қаржы табам деп жұмысқа кетеміз. Шыдамымыз бітті, - дейді Назира НҰРБАЕВА.   

«Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы 5 қатарлы 100 пәтерлік 3 тұрғын үйдің құрылысы белгіленген мерзімде аяқталмауына байланысты келісімшарт бір жақты бұзылды. Мердігер мекеме су резервуарының құрылысын техникалық қадағалаушының қатынасуынсыз, тиісті актілерді құжаттандырмай құрылыс жұмыстарын өз бетінше жүргізді. Нәтижесінде, су резервуары екі рет опырылып, жарамсыз болды. Бүгінгі таңда үшінші рет орнатқан резервуарға қосылатын су құбырының жалғанған муфтасы сапасыз орындалғандықтан, жарылып су кету фактісі орын алды. Бұрын берілген кемшіліктер толықтай қалпына келтірілмеген. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға кіре-берістен бірінші қабатқа көлбеу көтеру құрылғысы толықтай автоматтандырылмаған; Қасбетінің силикат тастары сапасыз орындалған; Асфальт жолдары толықтай ретке келтірілмеген; Атқарушылық-техникалық құжаттамалары (жұмыс өндірісінің журналы; сатып алынған өнімдерді, бөлшектерді, материалдарды, конструкцияларды есепке алу және сапаны бақылау журналдары; дәнекерлеу жұмыстарының журналы; қауіпсіздік техникасы және жұмыс орнындағы нұсқама; жасырын жұмыстарды куәландыру актілері) жүргізілмеген. Қолданыстағы заңдылыққа сәйкес, мердігер мекеме мен тапсырыс берушінің арасында келісімшарт болмауына байланысты құрылыс нысанын қабылдауға мүмкіндік жоқ. Қазіргі таңда сот процесі жүріп жатыр», - дейді Жылыой аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қазбек АҒЫРАЕВ.

Толықтырылды: «2023 жылдың 28 ақпанында Атырау облысының мамандандырылған экономикалық сотына талап арыз жолданып, есепке алу шешімі 2023 жылдың 8 маусымында шығып, аудандық құрылыс бөліміне 2023 жылы 24 шілдеде жолданды. Сот шешімімен арыздың мемлекеттік сатып алуға қатысушыны жосықсыз деп тану бөлігін қанағаттандырусыз қалдырды, ал 31 632 638 теңге тұрақсыздық айыбын өндіру бөлігін қанағаттандырды. Аталған сот шешімімен келіспей, Атырау облыстық сотына 18.09.2023 жылы апелияциялық шағым жолданды. Аталған тұрғын үйлер 225 көпбалалы анаға және 15 жетім балаға арналған. Қалған пәтерлер әлеуметтік жағынан осал топтарға беріледі, олардың саны – 60», - деді аудан әкімінің орынбасары Гулнафис АЙШУАҚОВА.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Тұрғындар жолдаған суреттер мен бейнежазба

21 қыркүйек 2023, 23:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.