Әлеуметтік желіде Жаңаталаптағы Жамбыл мектебіне баратын оқушылардың бір дөңгелекті автобуспен тасымалданып жүргені жөнінде видео тарады.
Белсенді азамат Аслан ОМАРОВ өз жазбасында бұл автобус Курилкин, Зарослый, Химикте тұратын балаларды тасымалдауға арналғанын айтады. «Автобус толы оқушылар. Ал автобустың артқы бір дөңгелегі жоқ екені қаперге алынбаған. Мектепте екі автобус бар, бірі ескіргендіктен істен шыққан, ал екіншісінің күйі әлгіндей» дейді Омаров. "АЖ"-ға белгілі болғандай, жүргізуші автобусты пайдалану ережесін бұзғаны үшін айыппұл төледі.
- Мектеп балансында тозығы жеткен екі автобус бар. Біреуі 2013 жылы, ал екіншісі 2017 жылы қалалық білім бөлімінен сатып алынған. Жалпы жақын ауылдардан келетін 300 оқушы тасымалдау қызметін қажет етеді. Автобустар жиі бұзылып, жөндеуден өткізіліп жүр. Жуырда мектепке жаңа автобустар берілді, - дейді Жамбыл атындағы мектеп директорының міндетін атқарушы Айгүл ІЗМАҒАМБЕТОВА.
Білім бөлімінен алынған ақпар бойынша, оқушыларды тасымалдау үшін 1,1 млрд теңге бөлінді. Бұрын хабарлағандай, оқушыларды тасымалдау үшін 23 автобус сатып алынды. Жалпы 60 елді мекендегі 4561 бала 49 көлікпен тасымалданады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА