Сұйытылған газ тапшылығы бойынша жолдаған "АЖ" сұрағына бүгін облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Атырау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жауабын жіберді. Онда 15 қыркүйектегі сұйытылған газ жағдайы туралы айтылады.
"ҚР Энергетика министрлігінің тоқсан сайынғы сұйытылған мұнай газын Жеткізу кестесіне сәйкес Атырау облысының ішкі нарығына 2023 жылдың 3 тоқсаны, қыркүйек айына «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нен 5 063 тонна газ бөлінді. Жалпы облыс бойынша газға сұраныс 9000-10000 тонанны құрап отыр. Бөлінген көлемнің ішінен бүгінгі күні газбен жабдықтаушы мекемелер 3 280 тонна тасымалдады. Енді тасымалдайтын 1 783 тонна қалды.
Жалпы зауыттағы газдың тәуліктік өндірісі штаттық режимде 500 тонна. Соның ішінде Министрліктің бекітілген кестесіне сәйкес автокөліктер арқылы 100 тоннасы Атырау облысының ішкі нарығына, 100 тоннасы Батыс Қазақстан облысының ішкі нарығына, ал 300 тоннасы теміржол жолы арқылы Ақмола, Қостанай облыстарына жөнелтіледі. Осыған байланысты облыстағы ішкі нарықта сұйытылған мұнай газының жетіспеушелігін болдырмау мақсатында Атырау облысы әкімдігімен ҚР Энергетика министрлігіне, зауытқа ұсыныстар жолданып, тиісті жұмыстар жүргізілді".
Басқарманың мәліметіне сүйенсек, нәтижесінде зауыттағы тәуліктік өндіріс көзі 500 тоннадан 650 тоннаға дейін өсіп, Атырау облысының ішкі нарығына жөнелтілетін көлем 100 тоннадан 250 тоннаға дейін ұлғайды.
"Бұл шаралар өз алдына газ бекеттеріндегі шереттерді қысқартуға және талонмен босатуды жоюға бағытталды. Сонымен бірге облыс әкімдігі тарапынан ішкі нарықты газбен жабдықтау мақсатында Министрліктен қосымша газ көлемін бөлу жөнінде ұсыныс хаттар жолданып, бүгінгі таңда бұл мәселе қарастырылып жатыр. Бекеттерде газдың қалдық қоры 195 тонна (күнделікті қажеттілік 200-250 тонна). Сонымен қатар, «ТШО» ЖШС-нен де ішкі нарықты мұнай газымен қамтасыз ету бойынша сұраныс хат жолданды", - делінген энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарламасында.
Соның арасынша ҚР Энергетика министрлігі Батыс Қазақстанның үш аймағындағы ағымдағы жағдай туралы анықтама таратты.
Атырау облысы
Жеткізу жоспары аясында қажетті 6200 тонна орнына министрлік қыркүйек айына 5063 тонна бөлді. Бұл төмен көртсеткіш «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Gas Processing Company» ЖШС-теріндегі жоспарлы профилактикалық жұмыстарға байланысты.
Осы ретте министрлік ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінде Атырау облысы әкімдігіне қыркүйек айына қосымша 500 тонна көлемінде газ бөлу туралы хат жолдады.
Ақтөбе облысы
Жеткізу жоспары аясында қажетті 13 000 тонна орнына министрлік қыркүйек айына 10 615 тонна бөлді. Бұл көрсеткіш «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Gas Processing Company» ЖШС-теріндегі жоспарлы профилактикалық жұмыстарға байланысты төмендеді.
Облыстың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қыркүйекте қосымша 2656 тонна бөлінді (СНПС-1152 тонна; ПКОП – 1004 тонна; АМӨЗ – 500 тонна).
Батыс Қазақстан облысы
Жеткізу жоспары аясында қажеттілік 3600 тонна бола тұра министрлік қыркүйек айына 2940 тонна бөлді. Бұл көрсеткіш «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Gas Processing Company» ЖШС-теріндегі жоспарлы профилактикалық жұмыстарға байланысты төмендеді.
Осы ретте министрлік 11 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне қыркүйек айына қосымша 500 тонна газ бөлу туралы хат жолдады.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА