Атырау, 23 қараша 12:23
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

БАҚ: келесі аптада Зеленский мен Байден кездеседі

964 просмотра
сүрет: replyua.net

Украина басшысы Владимир Зеленский келесі аптада БҰҰ-да сөз сөйлеп, Вашингтонда АҚШ президенті Джо Байденмен кездеседі. Бұл жөнінде Ақ үйдегі дереккөзге сүйенген Америка ақпарат құралдары жазды, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

Сәрсенбі күні Украина басшысы БҰҰ Бас ассамблея отырысында сөз сөйлейді. Кей ақпарат құралдарының жазуынша, Зеленский өзінің "бейбітшілік формуласы" жобасын таныстыруы мүмкін. Ізінше Вашингтонға барып, АҚШ президенті Джо Байден және Конгресс мүшелерімен кездеседі.

Бұл сапар Байден әкімшілігі Конгресті Украинаға арнап құны 20 млрд доллардан астам әскери көмек пакетін мақұлдауға көндіруге тырысып жатқан кезде ұйымдастырылып отыр. Әскери көмекте қару-жарақ, оқ-дәрі қарастырылған.

Америка ақпарат құралдарының жазуынша, Байден әкімшілігі Украинаға алысқа ұшатын ATACMS ракеталарын беру туралы шешім қабылдайын деп отыр. Украина билігі де президент Байден алдағы уақытта сондай шешім қабылдайды деп үміттеніп отыр.

Зеленский соңғы рет Вашингтонға былтыр желтоқсанда барған. Сол кезде оның Конгрестегі сөзін конгрессмендер мен сенаторлар үлкен қошаметпен қарсы алған. Конгресс өкілдерінің басым бөлігі Украинаға әскери және қаржылай көмек көрсетуді қолдайды. Алайда қоғамдық сауалнама қорытындысы Киевке тым көп көмек беріліп отыр деп санайтындар саны артқанын көрсеткен.

15 қыркүйек 2023, 16:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.