Атырау облысында «Nazik group» ЖШС және «Андорра Констракшн» ЖШС құрылтайшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Олар тұрғын үйдің үлестік құрылысына 650 млн теңге салған 30-дан астам азаматтың қаражатын заңсыз иемденді деген күдікке ілінді. Аталған заңсыз әрекетті қалалық прокуратура анықтады. Бұл туралы бүгін облыстық прокуратура хабарлады.
- Күдіктілердің әрекетінің нәтижесінде үлескерлер 2 жыл бойына баспана алмаған, - делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.
Аталған серіктестіктердің құрылтайшылары соттың санкциясымен қамауға алынды.
Өз кезегінде, облыс прокуратурасы «әрбір азамат қырағылығын білдіру тиіс және объективті хабардар болу үшін жергілікті атқарушы органдардың құрылыс бөліміне немесе басқармасына жүгіну қажет» екенін атап өтті.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА