Биыл облыста төрт жерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінде «Таскешу» керуен сарайында жүргізілген қазба жұмыстары аяқталды. Ал Сарайшық қалашығы мен Қызылқоға ауданындағы Қарабау-2, Қарақұдық-1, Қарақұдық-2 қорғандарына зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Мира ДӘУЛЕТБАЕВА мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Таскешу» керуен-сарайына 29 мамыр мен 17 шілде аралығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмыстары негізінде керуен сарайдың қақпа бөлігі және шығыс, солтүстік бөлігінде орналасқан сарай бөлмелері, атап айтсақ 14 бөлме, 3 мұнара Суфа, тандыр ошақ пештері толықтай ашылды.
- Бұл тарихи кешен Алтын Орда дәуірінде Сарайшық қалашығынан шығып, Орталық Азияға апаратын ескі Ноғай керуен жолында сауда керуендеріне қызмет еткен. Мұнда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде 30-ға жуық Алтын Ордалық 4 күміс, 26 қола монета кездесті. Тоқтамыс хан мен Өзбек ханның керамикалық ыдыс фрагменттері, моншақ және шығыр бөліктері, әртүрлі іздер қалған Алтын Ордалық стандартты кірпіш тастар анықталды, - деді М.Дәулетбаева.
Оның айтуынша, Сарайшық қалашығының 700 шаршы метр болатын аумағында археологиялық зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Оны мемлекеттік сатып алудың қорытындылары нәтижесінде жеңімпаз ретінде анықталған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы РМҚК қызметкерлері атқарып жатыр. Келісімшарт бойынша жұмыстың орындалу мерзімі екі ай.
Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің тапсырысымен Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылы Қарақұдық 1, Қарақұдық 2 қорғандарына жүргізілетін қазба жұмыстарының мердігері ретінде анықталған ЖК «Нұрсатпен» келісім-шарт жасалып, қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Қарабау-2 қорғанына археологиялық зерттеу жұмыстары Мемлекеттік сатып алу веб порталы арқылы алдағы уақытта жарияланбақ.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді ұсынған ӨКҚ