Атырау, 27 қараша 07:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Ауылда жаттығып, әлем чемпионы атанды

903 просмотра

Жуырда Өзбекстанның Хиуа қаласында 20-шақты елден, 600-ге жуық спортшы қатысқан гір тасын жұлқа көтеруден әлем чемпионаты өтті. Қазақстан ұлттық құрамасында Қызылқоға ауданы Қаракөл ауылының тумасы Ришат ҒАЛИАХМЕТОВ әлем чемпионы атанса, Исатай ауданы Аққыстау ауылының тұрғыны Айбол МҰХАНБЕТОВ 2-орынды жеңіп алды.

Ауыр атлетші Ришат Ғалиахметов екі мәрте әлем чемпионы атанып отыр. Өткен жылы Үндістан елінің Нью-Дели қаласында гір тасын көтеру спортында 48 келі кір тасын 10 минутта 60 рет көтеріп, әлем чемпионы атанса, бұл жолы ол 10 минутта 24 кг гір тасын 208 рет жұлқа көтеріп, тағы да алдына жан салмады. Мұндай жетістікке жетудің өзі еңбекпен келетіні сөзсіз. 

Қызылқоға ауданы Қаракөл ауылындағы орта мектепте әскери дайындық пәнінен дәріс беретін 39 жасар спортшы жастайынан спортқа бейім болып өскенін айтады.

- Бала күнімнен спортпен шұғылданып, мектеп бітіргесін Атыраудағы Х.Досмұхамедов атындағы университеттің дене шынықтыру және әскери дайындық кафедрасына түстім. Мектебіме қайта оралып, 16 жылдан бері ұстаздық етемін. Ал гір тасын көтеру спортымен 2005 жылдан тұрақты түрде айналысамын, - дейді Ришат. - Өкінішке орай, Қаракөлде спортпен айналысуға еш мүмкіндік жасалмаған. Сондықтан аулада, қыста сарайда жаттығамын. Спортпен шұғылданатын ауыл жастары да осылай жаттығуға мәжбүр. Біз спорт кешенін салып беру туралы ұсынысты талай жиындарда мәселе етіп көтеріп келеміз, әзірге нәтиже жоқ.  

36 жасар Айбол Мұханбетов әлем чемпионатындағы жарыста 24 кг гір тасын 10 минутта 178 рет жұлқа көтеріп, екінші орынды қанжығасына байлады. Х. Ерғалиев ауылында туып өсіп, мектеп бітіргесін ол да дәне тәрбиесі мұғалімі мамандығын таңдады. Қазір ол Аққыстаудағы Өркен орта мектебінде 13 жылдан бері еңбек етеді. Ол дәріс беріп қоймай, спортқа бейім жастардың талабына қанат бітіріп келеді. 

- Спортқа бейім 8-ші сыныптың екі оқушы қызын іріктеп алдым. Қазір бірге жаттығамыз, - дейді Айбол.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

 

17 қыркүйек 2023, 14:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.