Әлеуметтік желіде қазір қайта жаңғыртылып жатқан республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахан» жолының жиегінде жаңбырдан кейін шұңқыр пайда болғаны туралы бейнежазба тарады. Халық осы жолдың құрылыс жұмыстарын жіті бақылап отыр, сондықтан «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облысы филиалы үнсіз қалмай, бұл жағдайға байланысты хабарлама берді.
"Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахан» автомобиль жолының 853-893 шақырым аралығында қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын қаперіңізге береміз. Мердігер мекеме - «Сине Мидас» ЖШС, - делінген филиалдың хабарламасында. - Бірнеше күн толассыз жауған жаңбырдан тас жолдың жиектері суға шайылып, бейнежазбада көрсетілген 156-шақырым жолдың жиегіндегі пайда болған шұңқырды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жол жиегін топырақпен бекіту жұмыстары әлі бітпеген, сондықтан шұңқыр пайда болған.
Сонымен қатар, тапсырыс берушіден мердігер мекемеге қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу туралы тапсырма берілді. Барлық техника мен материал жеткілікті. Жұмыстар техникалық қадағалау мамандарының қатаң бақылауында болады".
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Видео әлеуметтік желінден алынды