Атырау, 27 қараша 07:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атырауда тағы да автогаз тапшы

Сурет Бейнежазба
1 024 просмотра

Атырауда үш күннен бері сұйытылған газ тапшылығы байқалып отыр. Көлік жүргізушілері автогаз іздеп, қаланың ішін шыр айналып жүруге мәжбүр. Автогазды талонсыз беріп жатқан тек «Алмагүл» ықшамауданындағы жеке кәсіпкердің газ құю бекетінде көліктердің ұзын-сонар кезегі тұр. 

Ақтөбе қаласынан келген Серікқали такси қызметін көрсетеді. Ол кейінгі екі айда Ақтөбеде де автогаз тапшылығы барын айтады. Атыраудан газ құйып аламын деген ол, мұнда да сондай мәселеге тап келген. 

Атырауға кеше келдім. Автогаз мұнда да жоқ екен. Бүкіл қаланы шарлап келдім, талонсыз тек осы «Алмагүлде» сатып жатыр екен. Кезекке тұрғанда үш сағаттай күтуге тура келеді, дейді Серікқали.

Ол да басқа көлік жүргізушілері сияқты автогаз құю бекетінің желісі саналатын «PromGazBP» компаниясы талонмен сатып жатқанын айтады. Ал өзінің аты-жөнін атамауды жөн көрген жергілікті көлік жүргізушілерінің бірі кеше, 13 қыркүйекте дәл осы «Алмагүлдегі» газ құю бекетінде екі сағат күткен кезегі келгенде, газ жетпей кетіп қалған.  

- Менің көлігім үлкен. Сол себепті маған автогазбен жүрген тиімді. Жеңіл автокөлік болса, бензимен жүре берер едім. Бірақ, мен жүк тасып ақша табамын. Бұл менің отбасымды асырап отырған күнделікті табыс көзім. Қазіргі жағдай қалтамызға қиын соғып тұр, - дейді ол. 

Ал Самат ҚУАНАЛАИЕВ газ тапшылығы әдетте ай аяғында лимит біткенде болады дейді. 

Бұл жолы айдың ортасында газ тапшылығы бірінші рет болып тұр. «Исскусственный дефицит» болып жатқан сияқты. Белгісіз. Көреміз қазір, уақытымызды кетіріп кезекте тұрғанда газ бітіп қалмаса болар еді, - дейді Самат.

Исаның да газ іздеп жүргеніне үш күн болды. Ол соңғы рет газ тапшылығы төрт ай бұрын боланын айтты. Ол кезде екі сағат кезекке тұрған екен.  

- Газ тапшы болғанда жұмысқа баратын уақытыңды сарп етіп, кезекте тұру қиын. Қазір кезекте тұрғаныма 20 минут болды. Жалпы, кезек тез жылжып жатыр, - дейді Иса. 

Оның кезегі жақындап қалған кезде өзін «Алмагүл» ықшамауданындағы «Нұр» жанар-жағармай құю бекетінің жанындағы газ құю бекетінің үйлестіруші менеджермін деп таныстырған Нұрлыбек ХАМЗИНМЕН тілдестік.  

- Иә, қалада тек біз талонсыз, шектеусіз сатып жатырмыз. Газ бізге күнде келеді. Бірақ, тұтынушының бәріне бірдей жетпей жатады. Биліктегілерге газ бітіп жатқанда қанша қалғаны жайлы күнде есеп береміз. Газды жеткізіп, құямыз дегенше уақыт өтеді. Ал сұраныс көп. Мысалы, бізге күнде 9 тонна сұйытылған газ құйылады. Оның құюына үш сағат кетеді. Кешке 9-да келсе, оны түнгі 11-12-лерде толтырып боламыз. Сонда көлік жүргізушілері күтіп-күтіп шаршайды, кетіп қалады, - дейді Н.Хамзин.

Ол бұл газ құю бекетінің кімге тиесілі екенін нақтыламады. Мұнда сұйытылған газ 54 теңгеден сатылып жатыр.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының 2023 жылғы 30 маусымдағы бұйрығына сәйкес облыс орталығынан (Атырау қаласы) 200 км-ге дейін - литріне 54 теңге,  облыс орталығынан 200 км астам - литріне 59 теңгеден сатылуы тиіс.

Айта кету керек, Қазақстан бойынша көлікке жанармай құю үшін сұйытылған табиғи газ біздің өңірде ең төменгі бағамен сатылады.  

Осы материал дайындалып жатқан кезде Атырау мұнай өңдеу зауыты баспасөз қызметінен зауытта сұйытылған газ энергетика министрлігінің жоспарына сай жөнелтіліп жатқаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Таратқан мәліметтері бойынша, өндірісте ешқандай іркіліс жоқ, зауыт қалыпты жұмыс істеп тұр және тәулігіне 500-550 тонна сұйытылған газ өндіреді. Энергетика министрлігі бекіткен лимит бойынша 2023 жылдың қыркүйек айына Атырау облысына 5 064 тонна, Батыс Қазақстан облысына 2 940 тонна сұйытылған газ бөлінген. 

13 қыркүйектегі көрсеткішке сәйкес Атырау облысына 3 236 тонна, яғни жоспарланған көлемнің 64%-ы, БҚО-ға 1 288 тонна – 44% көлемінде сұйытылған газ жөнелтілді, - деп хабарлайды зауыттың баспасөз қызметі.

Газ тапшылығына байланысты облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сауалымызға кейінірек түсініктеме болады деген жауап алдық. 

Айнұр САПАРОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

15 қыркүйек 2023, 09:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.