Атырау, 27 қараша 07:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Оқушылар сабақта, ал мектептер жөнделіп жатыр

Сурет
932 просмотра

Жылыой ауданында Қосшағыл ауылындағы №2 және Құлсары қаласындағы М. Сатыбалдиев мектептерінің күрделі жөндеуі бітпей жатыр.  

2022 жылдан бері күрделі жөндеуге тұрған №2 мектептің жыры жетіп болды. Өткен жылы 4 ауысыммен (сабақ 35 минутқа қысқарып, кейбір пәндер жыл бойы онлайн түрінде өтті - Авт.) оқыған оқушылардың ата-аналары бірнеше рет наразылық танытты. Ақырында тапсырысшы-мектеп әкімшілігі мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС-ін сотқа беріп, жосықсыз қатысушы деп танылып, келісім шарт бұзылды. Ал «ДианаА» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, екі ай мерзімде, яғни 2 қазанда негізгі мектеп құрылысын толық аяқтап тапсыру міндеттелген болатын.  

88 млн теңгеге бағаланған жөндеу жұмысы қалай жүріп жатқаны туралы мектеп директоры Айгүл МҰҚАНОВА айтып берді: 

-Ток әлі тартылған жоқ, 20 шақты терезе салынбай тұр. Бүгінде мердігер шатырын ауыстыруды бастаған болатын. Алайда күн бұлттанып, жаңбыр жауғанда жұмыс тоқтап қалып тұр. Есік ауыстыру, спортзал, еңбек кабинеті, кітапхана, асхана бөлмелерінің қабырғасын қырып, еденіне цемент құйып жатыр,-деді ол.

- Мердігер келісім шартта көрсетілгендей, 2 қазанда мектепті толық жөндеуден өткізе ала ма?

- Жұмыс толық атқарылады деп айта алмаймын. Бірақ қазір жұмысшылар жүр. Үлгермесе келісім шартты тағы ұзартатын болармыз. 

- Оқушылар неше ауысыммен оқып жатыр?

- Ата-аналардың наразылығынан кейін оқушылар үш ауысыммен оқуға көшірілді, дені бастауыш мектеп ғимаратында оқып жатыр. Ал 9-10 сынып оқушылары интнернаттың бірінші қабатында дәріс алуда, сабақ 45 минуттан өткізілуде. 

М.Сатыбалды атындағы мектеп директоры Алтынгүл ИБРАЕВА:

- Бүгінде үлкен дәлізге кафель төсеу жұмыстары жүрсе, ал спортзал жасалынған жоқ. Дене тәрбие сабағы ашық аспан астында өтуде. Абаттандыру жұмысы жартылай атқарылған, асфальт төсеу ісі бар. Бұл мектептің күрделі жөндеу жұмысына қазынадан 703 млн теңге бөлінген болатын, мердігер «ГрандСтрой» ЖШС. 

Жалпы бұл мектеп 1568 оқушыға арналған, бірақ бүгінде мұнда 2030 бала оқып жатыр.  Құлсарының «Береке», «Вокзал», «СМП», «Сегізінші ауыл», «5 А» ықшам аудандары балалары осы мектепке келуде. Жалпы жөндеу жұмысы жүйелі жүргізілуде, тапсырысшы мектеп әкімшілінен бөлек екі қадағалаушы технадзор бар.  Жұмыс келісім шартта көрсетілгендей, 9 шілдеде аяқталуы тиіс еді. Біз мектепті емтиханға байланысты дер кезінде босатып бере алмадық, кінә бізден. Мердігермен желтоқсанның аяғына дейін жұмысты бітіруге келістік. Өйткені, модульді жылу жүйесіне тапсырыс берілуі тиіс. Бәрі уақыт алады. Ал жылу маусымы бастала қалса, ескісін қоса тұратын боламыз, - деді А.Ибраева.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА  

Суреттерді түсірген автор

15 қыркүйек 2023, 17:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.