Теңіз кен орнын кеңейту жобасы 2024 жылдың соңына шегерілді. Бұл жайлы Bloomberg басылымы жазды, деп хабарлайды kursiv.media басылымы.
Chevron Corp мұнай кен орнын кеңейту жобасын толығымен іске қосу шараларын 2024 жылдың соңында аяқтайды. 45 миллиард долларды құрайтын жобаны игерудің кешіктірілуіне байланысты жұмыстар ұзаққа созылмақ. Теңіздің келешек кеңею жобасы (ККЖ) Қазақстанның ең ірі мұнай кен орнындағы өндіріс көлемін тәулігіне 260 000 баррельге немесе шамамен 40%-ға ұлғайтады деп күтілуде.
ККЖ-ны іске қосу жобасы екі рет кейінге шегерілді. Соңғы рет оның мерзімі алты айға, яғни 2024 жылдың маусымына дейін ұзартылғанын хабарлаған болатын. 2021 жылы ҚР Энергетика министрлігі мен «Шеврон» компаниясы арасында Қазақстанда $248,5 млн көлемінде Тікелей инвестициялар қорын құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Бұл қаражатқа компания «Теңізшевройл» келешек кеңейту жобасын іске асыру, Қарашығанақ жобасын кеңейту және Каспий құбыр консорциумының қуатын арттыру сынды перспективасы жоғары жобаларды жүзеге асыруды жоспарлаған болатын. «Chevron» – Теңіз (50%), Қарашығанақ (18%) және Каспий құбыр консорциумы (15%) жобаларында активтері бар Қазақстандағы аса ірі шетелдік инвестор.