Атырау, 29 қыркүйек 12:23
 ашықВ Атырау +18
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

АҚШ қазақстандық оқушылар баратын "Артек" лагеріне санкция салды

1 245 просмотра

АҚШ қаржы министрлігі Ресей заңсыз аннексиялаған Қырым түбегіндегі "Артек" лагері мен 11 ресейлікке, оның ішінде Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың анасы Аймани Қадыроваға санкция салды, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

Санкция тізімінде "Артек" директоры Константин Федоренко, Шешенстан премьер-министрі Муслим Хучиев, Шешенстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Мансур Солтаев, Калуга, Белгород және Ростов облысындағы балалар омбудсмені, аннексияланған Севастопольдегі "Юнармия" әскери-патриоттық жастар қозғалысының басшысы, Мәскеу бақылауындағы Запорожье облысының ресейшіл білім министрі бар.

Вашингтонның мәліметінше, жаңарған тізімдегі адамдар украин балаларын Ресейге немесе Украинаның оккупацияланған аймақтарына заңсыз алып кетуге қатысы бар.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова АҚШ-тың шешімін сынға алды. "Егер бұл кәмелетке толмағандардың жынысты ауыстыру лагері немесе трансгендер қауымдастығының тәжірибе алмасу орны болса, Вашингтон оған миллиондаған грант пен номинациялары бар түрлі сыйлықты үйіп берер еді" деп жазды Захарова телеграм-арнасында.

Қазақстандықтар әлі күнге Қырым түбегіндегі "Артек" лагерінде демалып жүр. Басқа елдерден келген балалар мен жасөспірімдер Қырымға Ресейдің "Россотрудничество" федералды агенттігі арқылы барады. Бұл ұйым кейінгі бірнеше жылда шетелде "Орыс үйі" деген атаумен жұмыс істейді.

Сәуірдің аяғында 10 қазақстандық оқушы Ресей аннексиялап алған Қырымдағы лагерьге жіберілгені белгілі болған. Сапарды Астанадағы Орыс үйі – "Россотрудничество" ұйымдастырған. Оқу-ағарту министрлігі Қырымдағы лагерьге кеткен қазақстандық оқушылар ата-аналарымен бірге "өз бетімен" кеткенін айтып, оларға "түсіндіру жұмыстары" жүргізілетінін айтқан.

Украин балаларын Ресейге депортациялау – соғыс қылмысы. 2023 жылы 17 наурызда Халықаралық қылмыстық сот осындай қылмыс жасады деген айыппен Владимир Путин мен бала құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер берді.

Халықаралық қылмыстық соттың баспасөз хабарламасында "Ресей Федерациясының президенті Владимир Владимирович Путин Украинаның оккупацияланған территориясында тұратын халықты (балаларды) Ресейге заңсыз депортациялап, қылмыс жасады" делінген.

Халықаралық адам құқықтары федерациясы Шығыс Еуропа және Орталық Азия бөлімінің басшысы Илья Нузов "Ресей балаларды құтқарып жатқан жоқ, депортациялап жатыр" дейді.

Мәскеу бұл айыптауларды жоққа шығарып, балалар қауіпті аймақтардан эвакуацияланды дейді. Кремль мұны депортация деп санамайды.

25 тамыз 2023, 14:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.