Атырау, 29 қыркүйек 16:25
 ашықВ Атырау +18
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

Астанада жұмыссыз азамат 075 анықтамасының ақылы берілетініне қарсы пикетке шықты

839 просмотра
Жалғас Жиенғалиев жұмысқа тұрарда сұралатын 075 анықтамасының ақылы түрде беріле бастағанына наразылық танытып тұр. Астана, 17 тамыз 2023 жыл. Азаттық Радиосы

Бүгін, 17 тамызда Астанада президент әкімшілігінің қабылдау бөлімі алдында 38 жастағы оралдық Жалғас Жиенғалиев рұқсат етілген пикет өткізді. Ол азаматтың денсаулық жағдайы жайлы дәрігер қорытындысы жазылатын, жұмысқа тұрарда сұралатын 075 анықтамасының ақылы түрде беріле бастағанына наразы, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

Денсаулық министрлігі 2020 жылы арнайы бұйрықпен 075 анықтамасын ақылы қызметтер санатына ауыстырған. Құжат жоғары оқу орнына түсетін балаларға тегін беріледі.

— Осы қызметті ақылы түрге ауыстырғалы өзімде ой туындайды: біздің мемлекеттің мақсаты жұмыссыз адамды қарызға батырып, жұмысқа кіргізу ме? Былай қарасаңыз, жұмыссыз адамның табысы жоқ. Кірісі болмаған соң оның анықтама алатын мүмкіндігі де жоқ. Қазір анықтама 10-15 мың теңгеге дейін барады. Ең төменгі жалақы — 70 мың теңге. Билік басында оны ойлап отырған адам жоқ, — деді ол пикет кезінде.

Жиенғалиев Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің атына пикетке рұқсат сұрап жазған арызында «Биыл наурызда үкімет аппаратының әлеуметтік даму бөлімінің меңгерушісінің қабылдауында болдым. Қабылдау кезінде 075 медициналық анықтама жұмыссыз қарапайым халыққа қолжетімсіз екенін айттым. Оған қоса денсаулық сақтау министрлігі бұл анықтама жұмыссыздарға, яғни кірісі жоқ адамдарға шығын екенін мойындап отыр. Үкімет жанынан жұмысы тобы құрылсын, бір шешімін табайық деп өтінгенмін. Дегенмен осы кезге дейін дұрыс аналитикалық талдау жасалған жоқ» деп жазған.

Денсаулық сақтау министрлігі биыл наурызда Жиенғалиевке берген жауабында «075 анықтамасының кейбір санаттағы азаматтарға (студенттерге, жұмыссыздарға) шығын болып отырғанын айта кету керек. Қазір бұл қызметті тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі не міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсету мәселесі қаралып жатыр» деп жазған. Министрлік жауабының көшірмесі Азаттық редакциясында бар.

Орал тұрғыны наурыздан бері Астанаға бес рет келіп, үкімет басшысы Әлихан Смайловқа да кіруге тырысқанын айтады. «Бірақ арыздарым еңбек және денсаулық министрліктерінің арасында із-түссіз жоғалып кетіп жатты» дейді ол.

Пикет кезінде Жиенғалиев «анықтаманың ақылы болуына атсалысқан шенеуніктер» деп үкіметтің әлеуметтік даму бөлімінің меңгерушісі Ербол Тұяқбаевтың, еңбек вице-министрі Олжас Ордабаевтың, денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің орнынан кетуін талап етті.

Жиенғалиев пикет өткізіп тұрғанда оған денсаулық сақтау министрлігінің өкілі келіп, 075 анықтамаға байланысты құрылған жұмыс тобының отырысына қатысуды ұсынды. Жұмыс тобының отырысынан Жиенғалиев түстен кейін шықты.

— Отырыс кезінде жұмыс тобының өкілдері «жұмыссыздар санын анықтауға бір апта кетеді» деді. «Екінші аптада оған қанша ақша керегін анықтаймыз» деді. «Үшінші жұмадан соң, яғни 14 күннен кейін кездесеміз» деп тарқадық. Жалпы өзгеріс болып жатыр. Отырыс хаттамасы әлі қолыма тимеді. Бүгін айтылған сөздері жазылған қағазды қолыма алуым керек болып тұр. Сол бойынша ары қарай талап ете береміз, — деді Жиенғалиев Азаттыққа.

075 медициналық анықтамасы — медициналық комиссия дәрігерлері беретін, азаматтың денсаулығы жайлы кәсіби-клиникалық қорытынды. Оны жұмысқа қабылдар алдында жұмыс беруші үміткердің еңбекке жарамдығын білу үшін сұрайды.

18 тамыз 2023, 10:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.